Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы - Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен ресми түрде құрылды. 2006 жылы музей қорына 700-ден астам жәдігер жиналып, олар Қызылқұм өңірі мен аудан тарихы бағыттары бойынша тарихи-мәдени құндылықтар ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта музейде 3000-нан астам жәдігер негізгі және ғылыми-көмекші қор құрамына енген. Бұл жәдігерлер археология, этнография, табиғат, Шардара су электр стансасы мен аудан тарихы бөлімдері бойынша келушілерге ұсынылады.

Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залы бірнеше бөлімнен тұрады. Археология бөліміне Қызылқұм өңірінің ерте ортағасырлық тарихына қатысты жәдігерлер - Сүткент және Жаушықұм қалашықтарынан табылған қыш ыдыстар мен құмыралар кіреді. Сонымен қатар, Ұзыната ауылдық округінде орналасқан, бүгінгі күнге дейін жақсы сақталған Ұзын ата кесенесі мен жоғарыда аталған қалашықтардың үйінді-төбе күйіндегі түрлі-түсті фотосуреттері де экспозицияда орын алған.

Шардара су электр стансасының құрылысы мен ауданның кеңестік кезеңдегі дамуын баяндайтын бөлімде 1950 жылдардың соңы мен кейінгі кезеңдерге тән фотосуреттер мен дерекқұжаттар ұсынылған. Бұл материалдар Тәуелсіз Қазақстан дәуіріндегі жәдігерлермен байланыстырылып, тарихи сабақтастықты бейнелейді. Атап айтқанда, ауданның Құрметті азаматы, Қызылқұм тыңын игеруге елеулі үлес қосқан ардагер құрылысшы Тәңірберді Ағманұлының музейге сыйға берген жәдігерлері осы бөлімнің мазмұнын тереңдете түседі.

Сондай-ақ, ауданның қалыптасу жылдарында ерекше еңбек сіңірген ардагерлердің есімдерін атап өту маңызды. Олардың қатарында Жамал Өтегенқызы, Тоқсанбай Бердібеков, Зоя Мамаева, Зейілбек Ешенқұлов, Шералы Кемелов және өмірден өткен Сүлеймен Сматуллаев пен Тәңірберген Ақмырзаев бар. Бұл азаматтардың аудан шежіресін байытудағы жанашырлығы мен үлесі музей тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00
Билет құны 500 тг
Мекенжайы Түркістан облысы, Шардара ауданы, Шардара қаласы, Төле би көшесі 47
Scroll to Top