Құмыра
Суреттер жүктелуде...
Сипаттама
Сары түсті саздан қолмен жапсырып жасалып, күйдірілген құмыра. Пішіні дөңгелекше, бүйірі шығыңқы, мойны созылыңқы, түбі дөңгелек әрі кедір-бұдырлы. Ауыз ернеуінің бір бөлігі сынған. Мойын тұсына екі қатар толқын тәрізді өрнек түсірілген. Ауыз ернеуінің жиегі кертік тәрізді баспа өрнектермен безендірілген. Бүйірінің бір жағында сұйықтық құюға арналған шүмегі орналасқан, шүмегінің сыртқы бөлігі сақталмаған. Иілген тұтқасы мойын мен бүйірін жалғастырып тұр. Тұтқасының сыртқы бетіне жұмсақ сазға қатты құралды батырып басу арқылы дөңгелек пішінді өрнектер түсірілген. Құмыраның бүйірінде арыстанға ұқсас стильденген жануар бейнесі сызу тәсілімен салынған. Сыртқы беті боялмаған және сырланбаған. Мойын бөлігі төрт сынған фрагменттен құрастырылған.
Құмыра сұйықтықты сақтауға және құюға арналған тұрмыстық ыдыс ретінде пайдаланылған. Шүмегі сұйықтықты ыңғайлы құюға, ал тұтқасы ыдысты ұстауға арналған.
Бұйым VI-IX ғасырлардағы Отырар алқабы тұрғындарының қыш ыдыс жасау дәстүрін, тұрмыстық мәдениетін және керамиканы әртүрлі өрнек түсіру тәсілдерімен безендіру ерекшеліктерін танытатын археологиялық дерек болып табылады.