Степногор тарихи-өлкетану музейі
Степногорск тарихи-өлкетану музейі - Ақмола облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерделеу және көпшілікке кеңінен таныту мақсатында құрылған маңызды ғылыми-ағартушылық және мәдени мекеме. Музей 1994 жылғы 6 қаңтарда Целинный кен-химия комбинатының жанындағы Еңбек даңқы залының негізінде құрылды. Бұл бастама өндірістік кәсіпорындардың еңбек және қоғамдық тарихын жүйелеу, сонымен қатар өңірлік тарихи жадыны сақтау қажеттілігінен туындаған болатын.
Қазіргі таңда музей құрылымы 5 негізгі залдан тұрады, әрқайсысы өңір тарихының маңызды кезеңдерін қамтиды:
1. Кіріспе залы - Ақмола облысының тарихи-географиялық кеңістігін таныстыруға арналған. Залда Степногорск қаласының қалыптасу тарихына қатысты диорамалар («Қала. Степногорск», «Шантөбенің алғашқы тау-кен шахталары») мен өңірлік карталар ұсынылған.
2. Табиғат және археология залы - бұл залда Шонныңқорасы алқабында жүргізілген археологиялық экспедициялар нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар «Су әлемі» және «Дала» атты панорамалық көріністер табиғат байлығын визуалды түрде жеткізеді.
3. Этнография залы - қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, мәдениеті мен қолөнер үлгілері көрерменге ұсынылады. Экспозицияда киіз үй үлгілері, тұрмыстық құрал-саймандар мен ұлттық киімдер арқылы этникалық өзіндік ерекшелік бейнеленген.
4. Әскери даңқ залы - Ұлы Отан соғысына және Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміздің ерліктері баяндалады. Залда батырлардың фотогалереясы, майдан даласынан жеткізілген жеке заттар мен хаттар, сондай-ақ тарихи шайқастарды бейнелейтін диорамалар қойылған.
5. Заманауи зал - Степногорск қаласының индустриялық дамуын қамтитын бұл залда өндіріс ошақтары туралы ақпараттық панельдер, макеттер, фотоқұжаттар және қала қалыптасуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері жайлы материалдар жинақталған.
Музей ғылыми, мәдени және білім беру бағытындағы қызметін тек қала шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, музей Новосібір қаласындағы Николай Рерих қоғамымен тұрақты ғылыми-мәдени ынтымақтастық орнатқан. Бұл байланыс мәдениетаралық диалог пен өңіраралық музей ісінің дамуына оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, Степногорск тарихи-өлкетану музейі - қаладағы мәдени өмірдің белсенді қатысушысы. Ол жыл сайын өткізілетін қоғамдық-танымдық іс-шаралардың, тарихи күндерге арналған мерекелік бағдарламалардың ұйымдастырушысы болып табылады. Музей ұжымы әзірлеген «Шекарасыз музей» және «Киелі жер - Степногор» атты жобалар жергілікті халық арасында кеңінен танымал болып, тарихи сананы қалыптастыру мен отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор үлес қосып отыр.
Бүгінде Степногорск тарихи-өлкетану музейі - қаланың тарихи келбетін танытатын, рухани-мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізетін маңызды ғылыми-мәдени орталық ретінде өз орнын нығайтып отыр.