Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі
2024 жылдың шілде айында Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында маңызды мәдени оқиға орын алды - «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі» салтанатты түрде ашылды. Бұл жаңа мәдени нысан - тек музейлік мекеме ғана емес, Қаратөбе өңірінің тарихи жадын сақтау мен Алаш идеясының рухани жалғастығын қамтамасыз ететін ғылыми-ағартушылық орталық болуға үміткер.
Музей Алаш қозғалысының тарихында елеулі орны бар Қаратөбе өңірінде орналасқан. ХХ ғасырдың басында ұлттық тәуелсіздік пен демократиялық мемлекет құру идеясын көтерген Алаш зиялылары дәл осы өңірде маңызды съездер мен пікірталастар өткізген болатын. Сондықтан музейдің аталмыш жерде бой көтеруі - тарихи әділеттіліктің көрінісі әрі Алаш мұрасына деген құрметтің нақты айғағы.
Музейдің атауы Батыс Қазақстан жұртшылығына кеңінен танымал журналист, өлкетанушы, қоғам қайраткері Қайыржан Хасановтың есімімен тығыз байланысты. Қайыржан Көнекбайұлы Хасанов - Қаратөбе тарихын жүйелі зерттеп, мерзімді баспасөз беттерінде ғылыми-көпшілік мақалалар жариялаған, өлкенің рухани келбетін қалыптастыруға үлес қосқан тұлға. Оның еңбектері - тарихи дерек көзі ретінде құнды және болашақ зерттеушілер үшін маңызды негіз бола алады.
Музейдің құрылысы 2019 жылы Қаратөбеде өткен жерлестер форумындағы ұсыныс негізінде бастау алды. Қайыржан Хасановтың ұлдары - Ержан мен Нұржан Қайыржанұлдары әкелерінің елге қалдырған өнегелі жолын жалғастырып, туған жердің рухани дамуына айрықша үлес қосуда. Олар ұзақ жылдар бойы меценаттық және қоғамдық жобалар арқылы әлеуметтік-мәдени бастамаларды қолдап келеді. Ержан Қайыржанұлы 2019 жылдың тамыз айында музейдің іргетасын жергілікті билік пен зиялы қауым өкілдерімен кеңесе отырып қалаған болатын. Сол бастаманың нақты нәтижесі ретінде, 2024 жылы жаңа музей ғимараты халық игілігіне берілді.
«Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі» - Қаратөбе өңіріндегі алғашқы заманауи талаптарға сай жабдықталған өлкетану бағытындағы мәдени нысан. Музей экспозициясы екі негізгі бағытта құрылуы жоспарланған:
1. Алаш қозғалысы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық идеялар тарихы. Бұл бөлімде Қаратөбе өңірінде өткен Алаш съезі, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, сонымен қатар Батыс Алаш Ордасының қызметі мен оның тарихи мұралары қамтылады.
2. Қайыржан Хасановтың шығармашылық мұрасы және Қаратөбе тарихы. Бұл залда зерттеуші-журналистің қолжазбалары, мақалалары, жинаған тарихи фотоматериалдары, ауызша тарих жазбалары және жергілікті фольклорға қатысты деректер ұсынылады. Сонымен қатар Қаратөбе өңірінің археологиялық, этнографиялық, мәдени ескерткіштерін танытатын жәдігерлер қойылады.
Музей базасында Алаш қозғалысының тарихына арналған ғылыми конференциялар, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарлануда. Бұл - Қаратөбе өңірін тек аймақтық емес, республикалық деңгейде де тарихи-ғылыми орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Қаратөбе ауданында ашылған «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі» - тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған, ұлттық мұра мен жергілікті тұлғалар еңбегін келешек ұрпаққа жеткізуге арналған маңызды мәдени бастама. Бұл музей - руханият пен тарих тоғысқан қасиетті мекен.