Ақсу тарихи-өлкетану музейі
Ақсу тарихи-өлкетану музейі-Павлодар облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты «Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Мекеме Ақсу қаласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерделеу және көпшілікке таныстыру мақсатында жұмыс атқарады.
Музей 2000 жылғы 18 қазанда ашылып, экспозициялық-көрме залының жалпы аумағы 156,4 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда музейде бір экспозициялық зал жұмыс істейді, онда қаланың өткен тарихынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі кең көлемді материалдар жүйеленіп, хронологиялық және тақырыптық ретпен ұсынылған.
2024 жылғы жағдай бойынша музей қорында 3955 бірлік жәдігер тіркелген. Оның ішінде 2652-сі негізгі қор, 1303 - көмекші қор бірліктері. Музей жинағында сирек кездесетін тарихи-мәдени маңызы бар заттар бар, атап айтқанда: 1950-60 жылдардағы резеңке аяқ киім, XX ғасырдың басындағы түлкі терісінен тігілген ішіктер, 1950 жылдардағы теледидар үлгісі, сондай-ақ 1915 жылға тиесілі бірнеше «Огонёк» журналының нөмірлері.
Музейдің бұқаралық-ағартушылық қызметі отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыс аясында туған өлке тарихын терең таныту мақсатында әртүрлі дәрістер, шеберлік сабақтары, тақырыптық сабақтар, экскурсиялар және шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Іс-шаралар жергілікті білім беру ұйымдары мен этномәдени бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады.
Ақсу тарихи-өлкетану музейі - өңірдің тарихи жады мен мәдени бірегейлігін сақтау ісіне елеулі үлес қосып отырған маңызды мәдени мекеме.