Е. Пугачев музей-үйі
Емельян Пугачевтің музей-үйі - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылады. Бұл нысан XVIII ғасырдың сәулет өнерінің сирек кездесетін үлгілерінің бірі ретінде еліміздің тарихи-мәдени мұралары қатарынан орын алады. Ғимарат шамамен XVIII ғасырдың ортасында бой көтерген және 1773-1775 жылдары орын алған Емельян Пугачев бастаған шаруалар соғысының маңызды тарихи куәгері саналады. Аталған тұрғын үй Жайық казагы Петр Кузнецовқа тиесілі болған. Тарихи деректерге сәйкес, дәл осы үйде Емельян Пугачев өзін ІІІ Петр патша ретінде жариялап, П.Кузнецовтың қызы Устиньямен үйлену тойын өткізген. Бұл оқиға ғимаратқа айрықша тарихи маңыз береді.
1967 жылы үйдің бір бөлігі кітапхана мен Е.Пугачев музейі ретінде ашылып, 1991 жылы нысан толықтай музей экспозициясына айналды. Сол жылдан бастап ол Емельян Пугачевтің музей-үйі мәртебесіне ие болып, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде тіркелді. 2005 жылы музей аумағында этнографиялық кешен - этнокомплекс жасақталып, келушілерге XVIII ғасырдағы тұрмыстық кеңістікті визуалды түрде таныстыру мүмкіндігі кеңейтілді.
Музейдің құрылымдық экспозициясы бірнеше мазмұнды залдардан тұрады:
1. Кіріспе залы - Орал (бұрынғы Жайық) қаласының қалыптасу тарихына арналған материалдарды қамтиды.
2. Көтеріліс залы - 1773-1775 жылдары Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысының себептері, барысы және салдарына арналған тарихи деректер мен экспонаттар ұсынылған.
3. XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Жайық казактарының тұрмысы мен мәдениеті залы - сол дәуірге тән тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек үлгілері және күнделікті өмір көріністері көрсетілген.
4. «Горница» бөлмесі - казактардың дәстүрлі тұрғын үй интерьері мен тұрмысын таныстыратын экспозиция ретінде жасақталған. Сондай-ақ музей ауласында тарихи-этнографиялық бағыттағы «Казак ауласы» реконструкциясы орналасқан. Оның алдыңғы бөлігінде жазғы ас үй, жертөле, ал артқы бөлігінде - мал қора мен шаруашылық құрылыстар көрініс табады.
Емельян Пугачевтің музей-үйі - өңір тарихын зерттеуде ғана емес, бүкіл Қазақстан аумағындағы XVIII ғасырдағы саяси-әлеуметтік оқиғаларды зерделеуде маңызды нысан болып табылады. Музей ғылыми, танымдық және мәдени-ағартушылық қызметтерді жүзеге асырады.