Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі
Теміртау тарихи-өлкетану музейі - Қарағанды облысы, Теміртау қаласында орналасқан мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеу және тарихи-білім беру бағытындағы мемлекеттік мекеме. Музей қаланың және аймақтың бай тарихи, табиғи, этнографиялық және мәдени мұрасын жинақтау, сақтау, жүйелеу және кең көлемде насихаттау мақсатында қызмет атқарады. Музей 1972 жылы 10 ақпанда құрылды. Қазіргі таңда оның жалпы аумағы 1200 шаршы метр, оның ішінде 960 шаршы метрі экспозициялық алаң ретінде қызмет етеді. Музей экспозициялары тарихи кезеңдер мен тақырыптарға сай заманауи музейлік құрал-жабдықтармен безендірілген және келушілерге интерактивті түрде ұсынылады. Негізгі экспозициялық залдар мен бөлімдерді қамтиды:
1. «Палеонтология» залы - Бұл залда аймақ аумағында табылған қазба қалдықтар мен көне тіршілік иелерінің сүйектеріне негізделген экспонаттар қойылған. Жердің геологиялық тарихы мен табиғи эволюциясын көрсету мақсатында құрылған.
2. «Туған өлке табиғаты» залы - Теміртау өңірінің флорасы мен фаунасы, табиғи экожүйесі туралы ақпараттар берілген. Интерьер қазақ даласының табиғи көрінісіне сай келетін үлгіде жасалған.
3. «Археология» бөлімі - Аймақта жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған қола дәуірі, ерте темір ғасыры және ортағасырлық кезеңдерге тиесілі тарихи жәдігерлер ұсынылған.
4 және 5. «Теміртау қаласының тарихы» және «50-60 жылдардағы Теміртау» залдары - Бұл бөлімдерде қаланың индустриялық даму тарихы, алғашқы құрылыс кезеңдері, металлургия өндірісінің қалыптасуы, кеңестік кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер көрсетіледі. 1950-1960 жылдардағы тұрғын үй, тұрмыс мәдениеті интерьерімен таныстыру мақсатында арнайы инсталляциялар қойылған.
6. «Еске алу» залы - Ұлы Отан соғысына қатысқан теміртаулық жауынгерлердің ерлігі мен тылдағы еңбеккерлердің қажырлы еңбегі туралы естелік материалдар жинақталған. Фотоқұжаттар, хаттар, әскери жәдігерлер ұсынылған.
7. «Нумизматика» залы - Жаңа музейлік технологияларды қолдана отырып, сирек кездесетін монеталар мен банкноттардан тұратын бірегей коллекция реэкспозицияланған. Экспозиция Қазақстан аумағындағы ақша айналымының тарихын, тиын соғу мәдениетін көрсетеді.
8. «Қазақстан халықтарының бірлігі» бөлімі - Қазақстанда өмір сүретін түрлі этностардың мәдениеті, дәстүрі мен тұрмысын таныстыратын бөлім. Бұл зал бірлік пен келісім идеясын дәріптейді. Теміртау тарихи-өлкетану музейі - бұл өткен мен бүгінді байланыстыратын, рухани тәрбие мен тарихи жадыны сақтауға бағытталған заманауи мәдени кеңістік. Алдағы уақытта музей қорын цифрландыру, жаңа интерактивті технологияларды енгізу, оқушылар мен жастарға арналған ғылыми-білім беру жобаларын кеңейту жоспарлануда.