Ардақты ана музейі
«Ардақты
ана» музейі
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы
«Ардақты ана» музейі - көпбалалы аналар мен отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған Түркістан облысындағы алғашқы мәдени-ағартушылық мекеме. Музей 2021 жылдың желтоқсан айында ашылды. Ол «Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның құрылымдық бөлімшесі болып табылады және Сайрам ауданының Ақсукент ауылында орналасқан. Қазақстандағы аналыққа арналған алғашқы музей ретінде қоғамдағы әйел-ана бейнесінің тарихи, рухани және әлеуметтік маңызын кеңінен насихаттауды мақсат етеді.
Музей Түркістан облысы мен тұтас оңтүстік өңірдің көпбалалы аналарына терең құрмет көрсетуді көздейді. Есімдері мен өнегелі өмір жолы әрқайсымыз үшін мақтанышқа айналған аяулы аналардың тағдыры, жанқиярлық еңбегі және елге лайықты азамат тәрбиелеудегі өлшеусіз үлесі арқылы музей өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, олардың елдің өсіп-өркендеуіне және жарқын болашағына өз үлесін қоса алатын білімді де білікті азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Музейдің жалпы аумағы 602 шаршы метрді, оның ішінде экспозициялық алаңы 348 шаршы метрді құрайды.
Музей экспозициясы бірнеше тақырыптық бөлімнен тұрады.
«Ұрпағына ұран болған аңыз аналар» бөлімінде халқымыздың рухани тарихында ерекше орын алатын Домалақ ана, Қарашаш ана, Қызай ана, Әмбар ана сынды киелі аналар туралы аңыз-әңгімелер мен олардың кесенелері орналасқан өңірдің қасиетті орындары таныстырылады.
«Алтын жұлдызды Батыр аналар» бөлімі 11-12 бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Батыр аналар - Жәрімбетова Қ., Бексейітова С., Райымбекова Р., Ашурметова У., Түймебаева Т., Махаммадова З., Хайдаршикова И. сынды ардақты аналарға арналған.
«Алтын құрсақты аналар» бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп өсірген, ел дамуына үлес қосқан аналардың өмір жолы мен өнегесі насихатталады.
«Ұлыстың ұйытқысы, ұлттың ұяты, берекенің бастауы - аналар» бөлімінде үлгілі ұл-қыз тәрбиелеп, еліміздің дамуына өз үлесін қосқан, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбек етіп, жоғары жетістіктерге жеткен аналардың қоғамдағы рөлі айшықталады.
Бүгінгі таңда музей қорында 739 музейлік зат жинақталған.
Жаһандану үдерісі күшейген қазіргі заманда, әженің ертегісі мен ананың әлдиі сирек естіліп, технология дамыған сайын ұлттық құндылықтар мен аға буынның өнегесі көмескілене бастаған кезеңде музейдің атқарар қызметі ерекше. Музей өткен ғасырлардағы, бертінгі дәуірлердегі және Тәуелсіздік жылдарындағы ардақ тұтар аналардың өнегелі өмірін дәріптеп, олардың тәлімі арқылы жас ұрпаққа тағылым беруді мақсат етеді.
Сондай-ақ музей есімдері қасиетті саналатын Түркістан облысы мен тұтас оңтүстік өңірдің алтын құрсақты аналарына құрмет көрсетіп, асыл аналар тәрбиелеген атпал азаматтардың өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегін өскелең ұрпаққа үлгі етеді. Осы арқылы жас буынның бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, оларды еліміздің жарқын болашағына жол бастайтын білімді, білікті әрі отаншыл азамат етіп тәрбиелеуге ықпал етеді.
Келушілер музейдің экспозициялық залдарында Түркістан облысы мен оңтүстік өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерін тәрбиелеген аналардың өмірімен, отбасы тіршілігімен және бала тәрбиесіндегі тағылымды тәжірибелерімен таныса алады. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы, ұлттың ұяты, берекенің бастауы бола білген қайраткер аналардың өмірі мен қызметінен өнеге алары сөзсіз.