Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Балықшылар музейі

«Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалы «Балықшылар музейі» бөлімі - Арал өңіріндегі балық шаруашылығының тарихи даму кезеңдерін жинақтап, сақтап, көпшілікке таныстыруды мақсат еткен мамандандырылған мәдени мекеме болып табылады. Бұл бөлім Қазақстандағы теңіздік кәсіби балық аулау тарихының, Арал теңізінің экожүйелік және әлеуметтік-экономикалық маңызын айғақтайтын бірегей музейлік нысан саналады.

 «Балықшылар музейі» бөлімі 2012 жылы ресми түрде ашылды. Ол Қызылорда облысының қаржы басқармасының 2012 жылғы 10 тамыздағы №203 бұйрығымен Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің теңгеріміне берілді. Музейдің құрылуына «Шарткен-Ата» қоғамдық бірлестігінің президенті Қуанышбек Саржановтың бастамасы негіз болды. Музейдің орналасқан ғимараты - бір қабатты арнайы нысан. 2021 жылы музейде кешенді реставрация және реэкспозициялық жұмыстар жүргізілді. Бұл өзгерістер оның заманауи музейлік талаптарға сәйкестенуіне, экспозициялық мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етті.

Музейдің жалпы ауданы - 107 шаршы метр. Сонымен қатар, музей ауласына 5 х 25 метрлік «Лев Берг» кемесі қосылып, XX ғасырдың ортасында пайдаланылған үш түрлі балық аулау кемесі жәдігер ретінде орналастырылған. Бұл элементтер «Ашық аспан астындағы музей» экспозициясы ретінде ұйымдастырылып, келушілердің тарихи шынайылықты сезінуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда музей қорында 2000-ға жуық материалдық және фотодеректі жәдігерлер жинақталған. Олардың ішінде балықшылар пайдаланған құрал-саймандар, кеме капитандарының жабдықтары, көне кеме бөлшектері, архивтік құжаттар мен фотосуреттер, балық өңдеу өнеркәсібіне қатысты материалдар, сонымен қатар балықшылардың тұрмыстық мәдениетіне байланысты бұйымдар бар.

Музей келесі экспозициялық залдарды қамтиды: 

1. «Балықшылар» залы - бұл залда Арал өңіріндегі балық шаруашылығының даму тарихы кеңінен қамтылған. Экспозицияда Социалистік Еңбек Ерлері, мемлекеттік марапат иегері балықшылар мен қоғам қайраткерлерінің портреттері, өмірбаяндық деректері және олардың еңбектегі жетістіктері ұсынылған. Сонымен қатар Арал балықшыларының күнделікті өмірін бейнелейтін тарихи фотосуреттер, архивтік материалдар, балық аулауға арналған құрал-саймандар мен тұрмыстық заттар көрмеге қойылған.

2. «Кемелер» залы - Зал теңіз кемелері мен кеме қатынасына арналған. Мұнда Арал теңізінде жүзген кемелердің макеттері, кеме құрылымына қатысты техникалық жабдықтар, навигациялық құралдар және кеме капитандарының формалары мен жеке заттары қойылған. Экспозицияда интерактивті элементтер де қамтылған: келушілерге теңіз кемесінің жүзу процесін бейнелейтін заманауи видео-инсталляция мен деректі фильмдерді тамашалау мүмкіндігі ұсынылады. Бұл зал келушілерді теңіз өмірінің тарихи болмысына тереңінен жетелейді.

«Балықшылар музейі» бөлімі аймақтық тарихи жадыны сақтау және насихаттау ісінде маңызды қызмет атқаруда. Музей ұжымы тарихи-мәдени құндылығы бар жәдігерлерді жинақтау, ғылыми тұрғыда зерттеу, жүйелеу және сақтау жұмыстарымен белсенді түрде айналысады. Сонымен қатар музей экспозициялық көрмелер, экскурсиялар, танымдық дәрістер мен тақырыптық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жергілікті халықтың тарихи танымын арттыруға, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, сондай-ақ мәдени туризмді дамытуға зор үлес қосуда.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Мекенжайы Қызылорда облысы, Арал қаласы, Мақатаев көшесі 2
Scroll to Top