Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Жаңаөзен қалалық музейі

Жаңаөзен қалалық музейі - қаланың тарихын, мәдениетін, өнерін және рухани құндылықтарын сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен мәдени-ағартушылық мекеме. Музейдің басты мақсаты Жаңаөзен қаласының және Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын жинақтау, зерттеу, сақтау және насихаттау арқылы қоғамдық сананы жаңғыртуға үлес қосу. Музей 1995 жылы ашылды. Қазіргі уақытта музей қорында 1250-ден астам жәдігер тіркелген. 

Ғимарат бір қабатты, үш экспозициялық залдан тұрады:

Бірінші және екінші залдар - «Мұнайшылар залы» - бұл залдарда Маңғыстау және Өзен мұнай-газ өндірісінің құрылу тарихы мен даму кезеңдері кеңінен қамтылған. Қала экономикасының негізгі саласы болып табылатын мұнай өнеркәсібінің өркендеуінде ерекше еңбек сіңірген тұлғалар туралы деректер жинақталған. Сонымен қатар, жер астындағы қара алтын мен көгілдір отынды алғаш игерген мұнай-газ барлаушылары мен геологтардың еңбегі, алғашқы мұнай кен орындарының ашылу тарихы, сондай-ақ Жаңаөзен қаласының іргетасының қалануы мен қалыптасу кезеңдері жөніндегі мағлұматтар ұсынылған.

3. «Этнография» залы - бұл бөлімде қазақ халқының дәстүрлі тұрмысын бейнелейтін киіз үйдің жасау-жабдықтары, ұлттық қолөнер бұйымдары, зергерлік және тұрмыстық заттар қойылған. Сонымен қатар, Маңғыстау өңірінде кездесетін құстардың үлгілері, Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлеріне арналған бұрыштар, Жаңаөзен қаласының инфрақұрылымдық дамуы, өнері мен мәдениетіне қатысты материалдар да осы залда көрініс тапқан.

Музей халық игілігіне қызмет етіп келеді. Әр түрлі мерекелік шаралар мен кездесу кештері барысында Жаңаөзен қаласының дамуына үлес қосқан ардагер мұнайшылар, ардагер ұстаздар, соғыс ардагерлері арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетіледі. Мұндай іс-шаралар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, тарихи жадыны сақтауға бағытталған.

Музей ұжымы ұстаздар қауымымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, оқушылар мен студенттерге арналған тәрбиелік, танымдық және патриоттық іс-шаралар өткізеді. Әр аптаның сәрсенбі күні музейде ашық есік күні ұйымдастырылады. Сонымен қатар, музей қызметкерлері ғылыми-қор, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-ағарту және ғылыми-зерттеу бағыттарында да белсенді жұмыс жүргізіп, халқымыздың рухани байлығын насихаттауда.

Музейдің тұрақты жобаларының бірі - «Жәдігер жерде қалмасын» атты ай сайынғы акция. Бұл бастама аясында халық арасынан құнды жәдігерлер жинақталып, музей қорын толықтыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Жаңаөзен қалалық музейі - қала тарихының айнасы, ұлт мұрасын жинақтаушы және насихаттаушы маңызды рухани ошақ болып табылады.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт museum-mangystau.kz
Мекенжайы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, «Шаңырақ» ш/а 12
Scroll to Top