Өспен ауылдық С. Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейі
Сәкен Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейі - Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы маңызды ғылыми-ағартушылық және мәдени мекемелердің бірі. Музей 1984 жылы ресми түрде ашылғанымен, оның негізі 1960 жылдан бастау алады. Белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері Ділдә Ізтөлеуовтың бастамасымен және тікелей еңбегімен аудан тарихына қатысты алғашқы жәдігерлер мен құжаттар жинақтала бастаған болатын. Осы еңбектің нәтижесінде музей құрылып, уақыт өте келе аймақтың тарихи жадысын сақтаудағы ірі орталыққа айналды.
Музейдің басты мақсаты - Жаңаарқа өңірінің тарихи-мәдени мұрасын, оның ішінде ел тұрмысымен байланысты қолданбалы өнер туындыларын, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын, ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі ізі қалған қайраткерлердің мұрасын, сондай-ақ ерлік пен отансүйгіштік үлгілерін насихаттау.
Музей қорында аймақ тарихына қатысты бірегей материалдар мен құнды жәдігерлер сақталған. Олардың қатарында:
• Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары, әдеби мұрасы мен фотосуреттері;
• Ұлттық қолданбалы өнер бұйымдары: кестелі кілемдер, ағаштан, сүйектен, теріден жасалған тұрмыстық заттар;
• Зергерлік бұйымдар: күмістен жасалған білезік, сақина, шашбау, өңіржиек, бойтұмарлар;
• Аудан тарихының маңызды құжаттары мен алғашқы темір жол қатынасына қатысты құрал-жабдықтар;
Жаңаарқада дүниеге келген және өмір сүрген белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері туралы ақпараттар мен фотоматериалдар.
Музейдің ғылыми қызметі бірнеше бағытты қамтиды: Ғылыми зерттеулер жүргізу: өңір тарихына, тұлғатану және фольклорлық мұраларға байланысты материалдарды зерделеу; Қорды толықтыру және жүйелеу: жәдігерлерді жинау, тіркеу және сақтау талаптарына сәйкес қорға орналастыру; Экспозиция мен көрме ұйымдастыру: заманауи музей ісі талаптарына сай жаңа тақырыптық және мерейтойлық көрмелер әзірлеу.
Сәкен Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейі - өткен мен бүгіннің арасындағы рухани көпір рөлін атқарып келе жатқан маңызды мәдени орталық. Ол аймақтың тарихи жадысын сақтау, ұлт зиялыларының өмірі мен еңбегін ұлықтау, жас ұрпаққа рухани-танымдық тәрбие беру жолында маңызды қызмет атқарады.