Есік археологиялық-өлкетану музейі
Есік археологиялық-өлкетану музейі - Қазақстан Республикасының археологиялық мұраларын сақтау, зерттеу және насихаттау ісінде ерекше орын алатын мәдени-ағартушылық мекеме. Музейдің іргетасы 1992 жылы Есік қаласында қаланды. Белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың бастамасымен қала орталығындағы бір ғимараттың үлкен бөлмесінде «Археология» бөлімінің негізі қаланып, алғашқы көрме ретінде оның археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер мен «Алтын адамның» макеті жұртшылық назарына ұсынылды. Көрменің басты мақсаты - сақ дәуірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыру және жергілікті тұрғындардың тарихи санасын қалыптастыру болды.
1992 жылғы 13 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Есік қаласына арнайы сапармен келіп, аталмыш көрмені аралап шықты. Елбасы өз қолтаңбасын қалдырып, «Халқымыздың көне тарихын келер ұрпаққа жеткізуге қызмет істеп жүрген отандастарыма зор рахмет!» деген жылы лебізін білдірді. Осы сапардан кейін Елбасының қолдауымен және Алматы облысының сол кездегі әкімі А. Есімовтың шешімімен музейдің ресми мәртебесі бекітіліп, 1993 жылдан бастап Алматы облыстық Есік археологиялық-өлкетану музейі ретінде өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл мекеме халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.
Музей қорында 1250-ден астам бірегей жәдігер жинақталған. Қордың қалыптасуына археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың сіңірген еңбегі ерекше. Жинақталған артефактілердің басым бөлігі Бөріжар, Көкмардан қорымдары мен Отырар және Оңтүстік Қазақстан аумағындағы археологиялық экспедициялар барысында табылған жәдігерлерден құралған. Қорда археологиялық, этнографиялық, жазба және нумизматикалық сипаттағы экспонаттар кеңінен ұсынылған.
Музей құрылымында бірнеше тақырыптық экспозициялық залдар қамтиды:
1. «Тәуелсіз Қазақстан» залы - бұл бөлімде Еңбекшіқазақ ауданы мен «Алтын адам» табылған орданың тарихи маңызын ашатын материалдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа және мемлекеттік рәміздерге арналған ақпараттық стендтер орналасқан.
2. Өлкетану залы - табиғи-географиялық бұрыш арқылы өлкеде кездесетін аң-құстардың тұлыптары қойылған, қолөнер шебері Д. Шоқпаровтың шығармашылығына және музейдің қалыптасуына үлес қосқан И. Бағжановқа арналған арнайы бөлім бар. Сонымен қатар, өңірден табылған артефактілер осында ұсынылған.
3. Археология залы - бұл бөлім палеолит дәуірінен бастап XVIII ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Экспонаттар тас, қола, темір, қыш және күміс сияқты материалдардан жасалған бұйымдардан тұрады. Барлық жәдігерлер тарихи-хронологиялық жүйе бойынша ұсынылған.
4. «Есік қорғанының қазынасы» залы - бұл бөлімде темір дәуіріне жататын, қазақ елінің мәдени символына айналған «Алтын адам» - сақ жауынгерінің жерлеу рәсімі мен салт-жоралғылары көрініс тапқан. Бұл экспозиция еліміздің брендіне айналған археологиялық мұра ретінде зор ғылыми және мәдени құндылыққа ие.
Музей қызметі тек экспозициялық жұмыстармен шектелмей, ғылыми-ағартушылық және мәдени-танымдық бағытта да жүзеге асырылады. Жыл сайын аудандық, облыстық деңгейдегі жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады, сонымен қатар, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген көрмелерді қабылдау арқылы өзара мәдени ынтымақтастықты дамытып келеді.
Есік археологиялық-өлкетану музейі - Қазақстанның бай тарихи мұрасын сақтауға, насихаттауға және келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды ғылыми және мәдени орталық ретінде қызмет етуде.