Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімі
Жәнібек ауылында 2001 жылдың 16 желтоқсанында ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы Қ.Қарағойшин мен сол кездегі аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Каримуллиннің қатысуымен қоғамдық негіздегі музей ашылған болатын. Музейдің бой көтеруіне қолдау көрсеткен сол кездегі аудан әкімі Максим Хасанов пен сол уақыттағы аудандық мәдениет,тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулеткерей Құсайынов болатын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауданымызда музей ашу туралы бастама көтеріліп, 1970 жылы Т.Жароков атындағы орта мектептің мұғалімі марқұм Қайыр Арыстанәлиевтің жетекшілігімен білім ордасында музей ашылған. Өкінішке орай, жақсы бастама алған музей жәдігерлері өртке кеткен.1988-1989 ж.ж. бұл іс қайта қолға алынып, жәдігерлер жинақталғанымен, арнайы орынның болмауына байланысты қордың көбі жоғалып, қолды болады.
2015 жылдың 16 қарашасында сол кездегі аудан әкімі Мұрат Мұқаевтың тікелей қолдауымен «Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімі «Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басқарма басшысы болған Дәулеткерей Құсайыновтың 2015 жылы 16 қарашадағы №125-ші бұйрығы негізінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімі болып рәсімделіп, жұмыс жасап келеді.
Бүгінгі таңда музейде 5 зал келушілерге қызмет көрсетеді. Жәдігерлердің жалпы саны: 4885 (оның негізгі қоры - 3544, қосалқы қоры - 1341).