Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі - Сыр өңірінің тарихын, археологиясын, этнографиясын және мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеп, сақтау және насихаттау мақсатында құрылған мәдени-ағартушылық мекеме. Музей ресми түрде 2016 жылғы 5 желтоқсандағы №935 Шиелі ауданы әкімінің қаулысына сәйкес құрылып, 2017 жылғы 4 қаңтарда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қызылорда облысы Әділет департаментінің Шиелі аудандық әділет басқармасы тарапынан №1 бұйрықпен тіркелді. 2019 жылдан бастап, облыс әкімінің қаулысы негізінде музей «Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның филиалы ретінде қайта құрылды 2017-2024 жылдар аралығында музей Шиелі кентіндегі Яссауи көшесі №95 мекен жайында орналасқан, 2012 жылы қыш кірпіштен салынған бір қабатты ғимаратта қызмет атқарды.
2024 жылы Сыр өңірінде жарияланған «Руханият жылы» аясында Шиелі ауданында арнайы «Руханият орталығы» салынып, пайдалануға берілді. Осыған байланысты музейдің қызметі жаңа ғимаратқа көшірілді. Музей жалпы ауданы 666 шаршы метрді құрайтын кеңістікте орналасқан және бір экспозициялық залдан және қор сақтау бөлмесінен тұрады. Экспозициялық залда Шиелі ауданының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихи кезеңдерін қамтитын материалдар жүйеленіп қойылған. Экспозицияда келушілер ежелгі және орта ғасырлар кезеңіне, Ұлы Жібек жолының мұраларына, сондай-ақ жаңа және қазіргі заман жәдігерлерінің өзара сабақтастығына куә бола алады. Сонымен қатар, этнография мен қолданбалы өнердің үлгілері, яғни тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, ағаш және керамикадан жасалған артефактілер ұсынылған.
Музей қорында 3028 дана жәдігер сақтаулы, оның ішінде 1326 бірлік - негізгі қорды, 1702 бірлік - көмекші қорды құрайды. Бұл жәдігерлер өлкеміздің тарихы, мәдениеті, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнер салаларынан сыр шертеді.
Музей қызметінің басты бағыттарының бірі - өлкелік сипаттағы тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және қор жинақтау жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, музей аудан жастарының тарихи-мәдени санасын қалыптастыру мақсатында Шиелі аудандық білім бөлімімен бірлесіп, Оқшы ата кесенесі мен ортағасырлық Сығанақ қалашығына экскурсиялық-туристік бағыттағы танымдық саяхаттар ұйымдастырып келеді.
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі - өңірдің тарихи-мәдени келбетін қалыптастыратын, өткенді танып, бүгінгі дамуды бағамдауға мүмкіндік беретін маңызды рухани және мәдени орталық ретінде қызмет атқарып келеді.