С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов әдеби-мемориалдық кешені
Сәбит Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық музей - қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылық мұрасын сақтау, зерттеу және дәріптеу мақсатында құрылған мәдени-ағартушылық мекеме. Музей алғаш рет 1978 жылы жазушының жақын досы, көрнекті мемлекет қайраткері Хакім Бекішевтің бастамасымен ашылды. 1976 жылы көркемдік шешімдер мен экспозициялық жобаны жасау жұмыстары басталып, оны белгілі реставратор-суретші Шамиль Қожаханов жетекшілік еткен шығармашылық топ жүзеге асырды. Екі жылға созылған жұмыс нәтижесінде, 1978 жылғы 21 қарашада Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанов тұрған үйде музейдің ресми ашылу салтанаты өтті. Сол жылы жазушы тұрған ғимаратқа мүсінші Тоқтағазы Жанызбеков жасаған ескерткіш тақта орнатылды.
Музей экспозициясы жазушының жеке өмірі, шығармашылық жолы, қоғамдық-саяси қызметі туралы мол дереккөздерге негізделген. Мұнда Сәбит Мұқановтың қолжазбалары, қызметтік және жеке заттары, сирек кездесетін фотосуреттер, хат-хабарлар, кітаптар мен әдеби басылымдар жинақталған. Сонымен қатар, музей кеңістігі жазушының жұмыс бөлмесі мен тұрмыстық жағдайын тарихи нақтылықпен қалпына келтіріп, келушілерге өткен ғасырдың рухын сезінуге мүмкіндік береді.
1989 жылы музейде Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі, өнертанушы Бекет Мүсірепов жетекшілік еткен шығармашылық топтың бастамасымен реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Бұл кезеңде музейдің мазмұны тереңдетіліп, жаңа концептуалдық тәсілдер енгізілді. 1987 жылы дәл осы ғимаратта қазақ әдебиетінің тағы бір ірі өкілі, жазушы-драматург Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі құрылды. Бұл жобаның жүзеге асуына жазушының қызы Энгелина Ғабитқызы Мүсірепова жетекшілік етті. Музейде Ғ. Мүсіреповтің өмір жолы мен шығармашылығына қатысты бірегей экспонаттар - архивтік құжаттар, жеке заттар, сирек фотосуреттер және оның әдеби мұрасы ұсынылған. 1999 жылы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов атындағы екі жеке музейдің негізінде «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің Мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» құрылды. Бұл мәдени мекеме - қазақ әдебиетінің классиктерінің рухани мұрасын жүйелі түрде зерттеп, сақтау және кеңінен насихаттауға бағытталған іргелі ғылыми-мәдени орталық.
Бүгінде музей кешені тек экспозициялық жұмыстармен шектелмей, ғылыми-зерттеу, баспа және ағартушылық бағыттарда да белсенді қызмет атқарады. Музей қабырғасында конференциялар, әдеби кештер, мектептер мен жоғары оқу орындары үшін танымдық экскурсиялар, ғылыми семинарлар мен көрмелер тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.