Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Арыс қаласының музейі

Арыс қалалық тарихи-өлкетану музейі - Түркістан облысы Арыс қаласында орналасқан мәдени-ағарту мекемесі. Музей 2001 жылы құрылып, бүгінгі таңда қала мен өңірдің тарихи, мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуын бейнелейтін маңызды орталықтардың бірі ретінде қызмет атқаруда. Музей орналасқан ғимараттың іргетасы 1900 жылы қаланған. Бұл тарихи нысан ХХ ғасыр бойы білім беру саласына қызмет еткен: мұнда кезінде Андреев атындағы жеті жылдық мектеп, №21 теміржол мектебі, 1954 жылдан бастап жұмысшы жастардың кешкі мектебі, сондай-ақ жол-техникалық училище орналасқан. 2001 жылдан бастап бұл ғимарат «Арыс қаласының музейі» қарамағына беріліп, тарихи және мәдени мұраны сақтау ісіне қызмет етіп келеді.

Музейдің басты мақсаты - мәдени және тарихи ескерткіштерді жинақтау, сақтау, зерттеу және насихаттау арқылы келешек ұрпаққа рухани-мәдени мұраларды жеткізу. Сонымен қатар, мекеме тарихи-мәдени процестерді зерделеу бағытында ғылыми-ізденіс жұмыстарын, экспедициялар мен іссапарлар ұйымдастырып, Қазақстан аумағында өмір сүретін этностардың рухани құндылықтарын танымал етуге атсалысады. Музей ғылыми-ағартушылық, экспозициялық және мәдени-білім беру бағыттарында тұрақты жұмыс атқарады.

Музейде бірнеше тақырыптық экспозициялық залдар қызмет көрсетеді. Олардың қатарында:

«Теміржол тарихы» залы - Арыс қаласының теміржол саласындағы тарихи орнын, теміржол желісінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін баяндайды. Теміржол саласына еңбегі сіңген тұлғаларға арналған арнайы бұрыштар да осы залда орналасқан.

«Ұлы Отан соғысы және Арыс станциясы» бөлімі - соғыс жылдарындағы Арыс теміржол торабының стратегиялық маңызын, тылдағы еңбекті және майдангерлердің ерлігін паш етеді.

«Даңқ залы» - өңірден шыққан батырлар мен еңбек майталмандарына арналған.

«Мәдениет саласы қызметкерлері» және «Ұлағатты ұстаздар» бұрыштары - Арыс өңіріндегі білім мен өнер саласының дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін көрсетеді.

«Ауыл шаруашылығы тарихы» бөлімі - аграрлық сектордағы жетістіктер мен еңбек ерлерінің өмір жолына арналған.

Этнографиялық зал - қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы мен қолөнеріне қатысты жәдігерлер, тұрмыстық бұйымдар мен киіз үй үлгілері қойылған.

«Табиғат бұрышы» - өңірдің флорасы мен фаунасын таныстыратын табиғи-танымдық мазмұндағы зал.

Музей қорында өлкенің тарихы мен мәдениетіне қатысты мыңнан астам құнды жәдігерлер жинақталған. Олардың қатарында тарихи құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар, тұрмыстық және этнографиялық бұйымдар, сирек кездесетін кітаптар мен карталар бар. Жәдігерлер музейдің ғылыми қызметкерлері тарапынан жүйеленіп, ғылыми сипаттамалармен толықтырылып отырады.

Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Мекенжайы Түркістан облысы, Арыс қаласы, Қазыбек би 7
Scroll to Top