Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі

Маңғыстау өңірінде музей ісінің қалыптасуы 1932 жылдан бастау алады. Аталған жылы украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченкоға арналған алғашқы мемориалдық музей құрылған болатын. Ал 1984 жылы өлкетанушы Есбол Өмірбаевтың бастамасымен Форт-Шевченко қаласында этнографиялық музей ашылды.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі 1975 жылы Ақтау қаласында құрылып, қазіргі таңда өлкедегі тарихи-мәдени мұраны жинақтап, сақтау және ғылыми тұрғыда зерделеу, насихаттау бағытында қызмет атқаратын маңызды ғылыми-мәдени мекемеге айналды. 2019 жылы музейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының есімі беріліп, жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Музей қоры шамамен 80 000 жәдігерден тұрады.

Жалпы аумағы 8 560 шаршы метрді құрайтын заманауи музей ғимараты 8 тақырыптық және 1 көрме залынан тұрады.

Музей экспозициялық залдары: 

1. «Әбіш Кекілбайұлының еңбек жолы мен шығармашылығы» залы - бұл залда жазушының туған жері, отбасы, білім алған мектептері, алғашқы ұстаздары мен мектеп қабырғасында жазған алғашқы мақалалары туралы мәліметтер ұсынылған. Сондай-ақ, жазушының Қазақ мемлекеттік университетіндегі студенттік жылдары, алғашқы қызмет жолы, ғылыми ізденістері мен шығармашылық жолындағы серіктестері туралы фотодеректер қойылған.

2. «Қазіргі Қазақстан» залы - бұл бөлімде 1980 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі еліміздің дамуы бейнеленеді. Желтоқсан көтерілісі, «Парасат» қоғамының құрылуы, Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшқан қазақ ғарышкерлерінің жетістіктері экспозицияның алғашқы бөлігінде қамтылған. Келесі бөлімде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері: Қазақстан Республикасының БҰҰ-на мүше болуы, алғашқы әскери құрылымның қалыптасуы, ұлттық валютаның енгізілуі және Бүкіләлемдік қазақ құрылтайының өткізілуі сипатталады. Мемлекеттік рәміздерге арналған бөлімде әнұран, елтаңба, ту мен олардың авторлары туралы ақпарат ұсынылған.

3. «Ақтау қаласы және Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы» залы - бұл залда Ақтау қаласының қалыптасу тарихы, алғашқы өнеркәсіп орындарының құрылуы, уран өндірісі мен көпұлтты еңбек ұжымдарының қызметі туралы материалдар қамтылған. Экспозицияда Ақтаудың «Құрметті азаматтары» туралы мәліметтер және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, этномәдени орталықтардың жұмысы бейнеленген. Бүгінде Маңғыстау облысында 60-тан астам ұлт өкілдері тұрады, олардың мәдени байланысы мен ынтымақтастығы осы залда көрініс тапқан.

4. «Археология» залы - Археология залында ежелгі тас дәуірінен бастап қола және темір дәуірлеріне дейінгі кезеңдерге жататын археологиялық жәдігерлер қойылған. А.Медоев пен А.Астафьев жүргізген ғылыми зерттеу нәтижелері өлкедегі алғашқы адамдардың тіршілігін сипаттайды. Энеолит және қола дәуіріне жататын тұрақтар мен ғибадатханалар, аң аулауға арналған «арандар» және Үстірт жазығынан табылған тарихи қорымдар - өлкенің көне тарихының айғағы ретінде ұсынылған.

5. «Мұнай өндірісі» залы - бұл залда Маңғыстау түбегінде мұнайдың ежелгі замандардан бері халық тұрмысында пайдаланылуы мен мұнай өндіру ісінің ғылыми тұрғыда зерттеліп, игерілуі бейнеленген. 1832 жылы зерттеуші Г.С. Карелин Каспий теңізі жағалауында мұнай көздерінің бар екенін алғаш жазып қалдырған. Бұл бөлімде өңірдің мұнай өндірісіндегі тарихи деректері мен жәдігерлері көрмеленген.

6. «Тарих» залы - XVIII-XX ғасырлардағы Маңғыстау өңірінің тарихын қамтитын экспозиция аумағы 509 шаршы метрді құрайды. Мұнда батырлар мен билер институты, ауыл шаруашылығы, су көздері, 1870 жылғы Иса-Досан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі, жерасты мешіттері мен медреселер, Ресей империясының отарлау саясаты, құдық қазу, балық шаруашылығы және зергерлік бұйымдарға қатысты тарихи жәдігерлер қойылған.

Жақын болашақта «Табиғат залы» мен «Этнография, мәдениет және өнер» залдарының ашылуы жоспарланып отыр.

Музей экспозициялары Маңғыстау өңірінің табиғаты, археологиясы, этнографиясы, тарихы, тұлғалары мен заманауи жетістіктеріне арналған. Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, әрбір жәдігер ғылыми сипаттама негізінде музей қорына енгізіледі. Музей мамандары кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарлар мен тренингтерге тұрақты түрде қатысады.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:30
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт mangystau-muzei.kz
Мекенжайы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 19-ықшам ауданы 4

Виртуалды тур

Scroll to Top