Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Заңнама

Музейлердің қызметін реттейтін құқықтық аспектілер туралы

1. Музей заттары мен музей коллекцияларын сақтау, қорғау, сақтау, зерделеу және көпшілік алдында ұсыну үшін құрылған, мәдени, білім беру, ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын танымал етуді қамтамасыз етуге арналған мәдениет ұйымдары музейлер болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында әртүрлі бейіндегі музейлер, оның ішінде музей-қорықтар мен жеке коллекциялар музейлері құрылуы мүмкін.

3. Музей заттары мен музей коллекциялары Музей қорының құрамына енгізіледі және Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.

Музей қорларын жинақтау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік музейлерде құрылатын қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссияларының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы музей қорының мемлекеттік каталогын жүргізуді Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жүзеге асырады.

Музей заттары мен музей коллекцияларын мемлекеттік музейлерден жеке меншікке беруге тыйым салынады.

3-1. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған музей заттары мен музей коллекцияларына сараптаманы Қазақстан Республикасының Бағалы металдар және асыл тастар саласындағы заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымдар өтеулі негізде жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік музейлер мен музей-қорықтар өздерінің негізгі қызметіне жатпайтын, төлемдері міндетті сипатта болмайтын және жеке немесе заңды тұлғамен келісім бойынша айқындалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуге құқылы.

Осындай тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақша Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады.

5. Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік музейлер мен қорық-музейлердің мыналарға құқығы бар:

1) тасымалдағыштардың барлық түрлерінен, форматтарынан, стандарттарынан көшірмелер жасау және оларды өңдеу;

2) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет қызметтерін ұсыну;

3) фото және бейнетүсірілім жүргізу;

4) кәдесый және полиграфиялық өнімдерді сату;

5) музейлер мен музей-қорықтар шығарған оқу-әдістемелік басылымдарды және басқа да әдебиеттерді іске асыру;

6) музей қорының материалдарын өңдеу және (немесе) музей заттары мен музей коллекциялары, сондай-ақ жеке меншіктегі заттар мен коллекциялар туралы ақпарат пен анықтамалар жасау.

5-1. Музей қорының құрамына кіретін музей заттары мен музей коллекциялары туралы алғашқы жариялау құқығы осы муей заттары мен музей коллекциялары бекітілген музейге тиесілі.

6. Музей қоймасындағы музей заттары мен музей коллекцияларына қол жеткізу тәртібі мен шарттары және музей облысы саласындағы басқа да қатынастар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен реттеледі.

7. Мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бюджеттен мемлекеттік музейлерге Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен мәдени құндылықтарды қорғауды, сақтауды, есепке алуды, жинақтауды және қалпына келтіруді қамтамасыз етуге байланысты шығындарды жабуға субсидиялар бөлінеді.

Сілтеме. 25-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 28.10.2015 №368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді — ҚР 05.05.2017 №60-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 02.11.2020 № 370-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2022 №143 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Scroll to Top