Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі

«Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі» - ауданның тарихи-мәдени мұрасын сақтап, насихаттайтын маңызды мәдени орталықтардың бірі. Туған өлке тарихының шежіресі болып табылатын тарихи-өлкетану үйірмесінің негізі 1975 жылы қаланып, 1995 жылы қайта құрылды.           2012 жылғы 30 наурызда «Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып құрылды. 2018 жылғы 28 тамызда Жамбыл облысы «Қордай аудандық әкімдігінің мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және «Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бірігу жолымен «Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Музейдің негізгі мақсаты - ауданның бай тарихи-мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеу, сақтау және оны келешек ұрпаққа кеңінен таныстыру. Сонымен қатар, музей өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, тарихи сананы нығайтуға бағытталған мәдени-ағартушылық орталық ретінде де маңызды рөл атқарады.
Музей бір қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимарат 1960 жылы салынған. Жалпы аумағы - 232 шаршы метр, оның 173 шаршы метрі экспозициялық залдарға арналған. Музей өрт сөндіру және күзет дабылқаққыш жүйелерімен жабдықталған.
Музейдің экспозициялық құрылымы алты залдан тұрады:
«Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі» залы - ауданның табиғи байлығы, флорасы мен фаунасы туралы мәліметтер ұсынады.
«Көне және орта ғасыр дәуірі» залы - аудан аумағынан табылған көне дәуірден бастап орта ғасырларға дейінгі археологиялық жәдігерлерді қамтиды.
«Кеңес дәуірі тарихы» залы - ауданның 1929-1960 жылдар аралығындағы даму тарихын көрсетеді. Бұл залда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің құжаттары, фотосуреттері, медальдары мен хаттары қойылған.
«Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» залы - егемен елдің қалыптасуы, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және өндіріс салаларының дамуын айқындайтын материалдарды қамтиды.
«Мәдени-этнографиялық тұрмыс-салт бұйымдары» залы - қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, қолөнері мен әдет-ғұрыптарын таныстырады.
«Көрме» залы - фотосуреттер, халық шеберлері мен балалардың шығармашылық туындылары, қолөнершілердің ұлттық бұйымдары қойылатын зал.
Музей қорында 3000-нан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында қазба жұмыстары кезінде «Георгиевск» қала жұртының (X-XII ғ.ғ.) аумағынан табылған қыш құмыра мен асықтар бар. Сонымен қатар, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әйел-дипломат, тұңғыш әйел сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікованың киген костюм-юбкасы, алғыс хаттары мен грамоталары, сондай-ақ қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор, Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері, Жамбыл облысы мен Қордай ауданының Құрметті азаматы Нұрғали Балдақбайұлы Смағұловтың әскери формасы, медальдары, марапаттары мен қызметтік куәліктері сақтаулы.
Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны тегін/бесплатно
Мекенжайы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы, Жібек жолы көшесі 201
Scroll to Top