Мағжан Жұмабаев музейі
Мағжан Жұмабаев музейінің экспозициясы көрнекті ақын, ағартушы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен әдеби шығармашылығына, сондай-ақ оның бай әдеби мұрасын жан-жақты танытуға негізделіп құрылған. Музейдің негізгі қызметі Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын зерттеу, тың деректерді анықтау және бұрын толық ашылмаған қырларын ғылыми айналымға енгізуге бағытталған. «Мағжан - ел есінде» тақырыбы аясында ақын тұлғасын жаңаша қырынан тануға арналған зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табуда. Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы, қоғамдық қызметі мен шығармашылығына қатысты қосымша мәліметтер ауыл тұрғындарынан, жақын дос-жарандары мен оның еңбегін жоғары бағалап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген қызметкерлерден жинақталды. Жиналған материалдар музейдің өлкетану жұмыстары аясында жүйеленіп, жас ұрпақтың азаматтық және патриоттық сезімдерін қалыптастыруға бағытталды. Аталған жұмыстар арқылы келешек ұрпақтың Отанға, туған жерге, өскен ортасына, тарихына деген қызығушылығын арттыру көзделді.
1989 жылы Сарытомар орта мектебінде бір бөлмеде Мағжан Жұмабаевқа арнап музей ұйымдастырылған болатын. Ұйымдастырушы - Көжекпаев Ерік Қаскейұлы. 1993 жылы мектепішілік музей салынды. 2008 жылдың 17 қаңтарынан бастап мектепішілік музей МКҚК «Мағжан Жұмабаев музейі» болып өзгертілді. 2019 жылы 23 мамырдан бастап «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының «Мағжан Жұмабаев музей» филиалы болып өзгертілді.
«Мағжан Жұмабаев музейінің» экспозициясы Мағжан Жұмабаевтың өмірі, әдеби шығармашылығы, әдеби мұрасы, қызметі негізінде құрылған. Экспозициясы жайлы, шағын ғана үш залды ағаш үйде орналасқан:
1. Кіріспе зал - М.Жұмабаевтың бюсты орналасқан.
2. Экспозициялық зал - этнографиялық экспозиция қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмысы туралы сыр шертеді. Тұтқын сауалнамасы, тергеу хаттамалары қуғын-сүргінге ұшыраған ақынның қайғылы өмірі туралы баяндайды.
3. Жұмыс бөлме - ақынның кабинеті ХХ ғ. 30 ж. үйдің ішкі көрінісін жаңғыртады.
Музей қоры негізгі және ғылыми-қосалқы қордан тұрады. Негізгі қор Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы мен өмірі жайлы құнды жәдігерлер мәңгілік сақтауға жинақталған. Музей қорында өте сирек кездесетін жәдігерлердің бірі: 1923 ж. Ташкентте шығарылған «Избранное» өлеңдер жинағы. Сонымен қатар экспозициямызда С. Құдаштың, С. Мұқановтың, А. Құнанбаевтың, И.П. Шуховтың, Ж. Сүлейменовтың, Б. Қанарбаеваның тағы да басқа жазушылардың еңбектері және В.П. Манзяның салған суреттері: «Туған жер», «Қанат қатайды», «Туған жер - Сарытомар» қойылған.