Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені - Шымкент қаласының ең көне бөлігіндегі археологиялық және мәдени мұраларды сақтап, насихаттауға арналған ерекше музейлік кешен. Бұл кешен 2021 жылы «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» құрамына кіреді. 

Кешеннің негізгі миссиясы - Шымкенттің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және келешек ұрпаққа жеткізу. Мұнда археологиялық және этнографиялық экспозициялар, ғылыми-ағартушылық іс-шаралар, экскурсиялар мен көрмелер ұйымдастырылады. Кешен қызметкерлері өлкеміздің мәдени, тарихи және ғылыми құндылықтарын сақтау, музей заттары арқылы мәліметтерді жинақтап тарату, халқымыздың материалдық ескерткіштері мен рухани мәдениетін зерттеп, көрнектері мен көрмелері арқылы жеткізуде ғылыми зерттеу, жинақтап іріктеу, экспозициялық, әдістемелік, ғылыми-ағартушылық, экскурсиялық қызмет көрсету жұмыстарын атқарып келеді.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені - Шымкент қаласының ежелгі цитадель аумағында орналасқан, Қазақстандағы ең көне археологиялық және мәдени нысандардың бірі. Бұл кешеннің тарихы 2200 жылдан астам уақытты қамтиды және Шымкент қаласының қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңдерін көрсетеді. Кешен аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде б.з.д. III-II ғасырларға жататын керамикалық бұйымдар, қамал қабырғалары, мұнаралар және тұрғын үйлердің қалдықтары табылған. Бұл табыстар Шымкенттің ежелгі қала ретінде қалыптасқанын дәлелдейді. Кешеннің құрылымында ортағасырлық қалаға тән «Рабад», «Шахристан» және «Цитадель» бөліктері анықталған .

«Шым қала» кешені ортағасырлық кезеңде қорғаныс қамалы ретінде маңызды рөл атқарған. Ол Ұлы Жібек жолы бойындағы Сайрам қаласын қорғау мақсатында салынған әскери база ретінде қызмет еткен . Кешеннің стратегиялық орналасуы оны түрлі тарихи кезеңдерде - Қараханидтер, Тимуридтер, Қоқан хандығы және Ресей империясы дәуірінде маңызды орталыққа айналдырды.

Бүгінгі күні музей қорында жалпы саны - 915 экспонат тіркелген.

Кешеннің ішінде бірнеше археологиялық нысандар орналасқан. 

1. X-XII ғғ. тұрғын жайлар кешені. Бірнеше бөлмелерден тұратын Шахристанның оңтүстік бөлігінде орналасқан ас үй сыпасы мен ошақ, закромасы бар құрылыс кешені табылды. Бөлме едендеріне күйдірілген кірпіш төселген.

2. XVI-XYIII ғғ. тұрғын жайлар кешені. Тұрғын бөлмелері саз кірпіштен немесе шахсадан тұрғызылған. Бөлмелер сыпасы бар тандыр пештермен жылытылған. Едендері сыланып, әр үйдің немесе бөлменің шыға берісінде ташнау болған (Ташнау қалдық су төгетін саңлау). Сонымен қатар, Шахристан аумағынан 1,5-2 м көлемінде сүйек жолдары аршылған. Жол төрт түлік мал сүйектері және керамика қалдықтарымен араласып төселінген.

3. Ұстахана және ұста баспанасы. 2020 жылғы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде батыс Шахристан аумағынан темір бұйымдар табылып, мұнда ұстахана болғандығы анықталды. Музейлендіру жұмыстарына сәйкес XVII-XVIII ғғ. тиесілі ұстахана және ұста баспанасы жасалынды. Ата-бабаларымыз түрлі шикізат пайдалана отырып, тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан-алуан әсемдік әшекейлерді, қару-жарақтарды жасаған. 

4. Б.д.д II-IY ғғ. ғибадатханасы. Ғибадатхана жіңішке ұзын дәлізі бар үлкен бөлмеден тұрады. Бөлменің ішінде жиырмадан астам хұм, хұмшалардың сынықтары, сонымен қатар тандыр ошақтары бар екі бөлме табылған. Ғибадатханада зороастризмге байланысты әдет-ғұрыптардың белгілері табылған.

«Цитадель» экспозиция залы

Цитадель - қорғанның бекініс құрылыстармен қоршалған орталық бөлігі. Ортағасырлық қалалардың ішінен тұрғызылатын бекініс құрылысы. Билеуші сарайы, әкімшілік және діни ғимараттар осы цитадельдің ортаңғы өзегін құрайды.

Жасақталған экспозиция залдары:

- Шымкент артефактілері;

- Салт-дәстүр және әдет-ғұрыптар;

- Көне Шымкент тұрғындарының өмірі мен тұрмысы;

- Оңтүстік Цитадель.

Жер асты экспозиция залы

Қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған шығыс мұнарасының өзіндік тарихы сақталған. Бұл жаугершілік заманда қала халқына қауіп төнген жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған, жерасты бекінісі болған. 

Жасақталған экспозиция залдары:

- Құтқару сатысы;

- Бақыт галереясы;

- Өмір жолы.

Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт shymkentmuseums.kz
Мекенжайы Қазақстан, Шымкент қаласы, Әйтеке би көшесі 30/29

Виртуалды тур

Scroll to Top