Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі

Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі - Қазақстандағы аграрлық еңбек мәдениетінің, дәстүрлі егіншілік пен диқаншылық өнерінің тарихын зерттеуге, сақтауға және насихаттауға бағытталған бірегей музейлік мекеме болып табылады. Бұл музей 1978-1982 жылдары аралығында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шиелі аудандық филиалы ретінде жұмыс істеп, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 30 сәуірдегі №150-р қаулысы негізінде дербес мекеме ретінде құрылды. 2019 жылдың ақпан айынан бастап, 2018 жылдан бастап музей Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы мәртебесіне ие болды. 2016 жылы Ыбырай Жақаев ауылында жаңа музей ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай қайта экспозициялау жұмыстары жүргізілді. Жалпы музей ауданы - 340 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта музей қорында 10 983 дана материалдық және құжаттық экспонат жинақталған. 

Музей экспозициясы үш көрме залынан тұрады. Олардың мазмұны күріш шаруашылығының тарихы мен оның аймақтық ерекшеліктерін кешенді түрде қамтиды: 

1. Күріш өсіру тарихына арналған зал- бұл залда Орта Азия мен Қазақстанда күріш өсіру мәдениетінің біздің дәуірімізге дейінгі III-I ғасырлардан бастау алатыны туралы археологиялық және тарихи деректер ұсынылған. XIX ғасырдың соңында Сыр бойында тұрақты күріш өсіру ісінің Шиелі ауданында басталғаны, одан әрі Шіркейлі мен Қуаңдария бойына тарағаны нақты экспонаттар арқылы көрсетіледі. Экспозицияда күріш жерін өңдеу, суару, ору және жинау сияқты технологиялық кезеңдер, сондай-ақ бай-феодалдық құрылымдар мен сол заманғы алым-салық жүйесі бейнеленген. 

2. Ыбырай Жақаевтың өмірі мен қызметіне арналған зал - бұл бөлімде Социалистік Еңбек Ері, даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың өмір жолы, қоғам қайраткері ретіндегі қызметі, халықаралық сапарлары, еңбек жолының соңына дейінгі белсенділігі кеңінен көрсетілген. 1964 жылы облыс жастарына арнап жазған әйгілі Үндеу хаты және осы үндеу негізінде бастау алған "Жақаевшылар қозғалысы" жайлы тың деректер мен құжаттар ұсынылады. 

3. Жақаевшылар қозғалысы және ізбасарлар залы - бұл залда Ы. Жақаевтың ізін жалғаған еңбек озаттары мен жастардың жетістіктері кеңінен насихатталады. Аудан елді мекендерінен шыққан еңбек майталмандарының жетістіктері, Жақаевшы жастардың екпінді еңбегі, тың технологияларды меңгеру үдерісі мен олардың ауыл шаруашылығына қосқан үлесі туралы ақпараттар топтастырылған. 

Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі - тек аграрлық еңбектің шежіресін ғана емес, сонымен қатар ауыл еңбеккерлерінің ерлігі мен рухани-мәдени келбетін айғақтайтын маңызды тарихи орталық. Музейдің құрылымы мен мазмұны Қазақстандағы диқаншылық мәдениетін ғылыми-танымдық тұрғыдан зерделеуге және болашақ ұрпаққа танытуға бағытталған.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт museum-kyzylorda.kz
Мекенжайы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жақаев ауылы, Жақаев көшесі 63
Scroll to Top