Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Музей-қорық ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1977 жылы 28 наурызда «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. Музей алғашқы келушілерін 1978 жылдың 30 қыркүйегінде қабылдап, өз жұмысын бастады. 1989 жылы 28 тамызда Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылды. Ал, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 шілдедегі № 585 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» республикалық мемлекеттік мекемесін  қайта ұйымдастыру жолымен құрылды. 2023 жылы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің №415 Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына еліміздегі музей-қорықтары арасында алғашқы болып «Ұлттық» мәртебе берілді.

Түркістанның бас жәдігері болып табылатын Халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдесіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орны да айрықша. Қорық-музей Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, ХІІ ғасыр), Әулие Құмшық Ата қылуеті (ХІІ ғасыр), Сегіз қырлы кесене (ХIV-ХVI ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғасыр), Шығыс моншасы (ХVІ-ХVІІ ғасырлар), Есім хан кесенесі (ХVІІ ғасыр), т.б. археологиялық, тарихи-сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. 

Музей-қорық құрамында 45 тарихи-мәдени ескерткіш бар. 1-і халықаралық, 24-і республикалық, 1-і жергілікті маңызға ие. 19 ескерткіш алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Типологиялық ерекшеліктері бойынша Ортағасырлық және ХІХ-ХХғғ тән қала құрылыс және сәулет ескерткіштері  саны - 32, Киелі обьектілер - 4, Археология - 9 ескерткіш. 

Қазіргі таңда музей-қорықта Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шығыс моншасы, Қылует жер асты мешіті мен Жұма мешіті, Түркістан тарихы музейі, Ясауи музейі, Сирек жәдігерлер музейі дербес музейлер ретінде қызмет көрсетуде. 2025 жылы сәуір айында экспозицияланған Сирек жәдігерлер музейі 300 ш.м. аумақты құрайтын залға орналасқан. Экспозицияға музей-қорық қорындағы 270 дана құнды жәдігер қойылған. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төңірегіне Есім хан, Жолбарыс хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр т.б. 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-музей мамандарының зерттеулері нәтижесінде сол тұлғалардың бүгінде 239-і анықталған. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін Әмір Темірдің арнайы жасатқан тайқазан, шырағдандар, қақпа есік, қабірхана есігі, қабіржапқыш т.б. заттар музей-қорықтың ең құнды жәдігерлері саналады. Музей-қорықтың қорында 26 096 дана құнды тарихи жәдігерлер қордаланған. Оның 14 047 данасы негізгі қор, 12  049 данасы ғылыми көмекші қор есебінде сақталады. Жәдігерлер төрт топқа бөлінген: археологиялық жәдігерлер тобы - 5787 дана; этнографиялық жәдігерлер тобы - 2858 дана; жазба ескерткіштер тобы - 3151 дана; нумизматикалық жәдігерлер тобы - 14 300 дана жәдігер құрайды. Ұлттық мәдени игілік обьектілерінің тізіліміне 1429 жәдігер енгізілген. ҚР музей қоры мемлекеттік каталогының тiзiліміне 9308 жәдігер енген. Барлық жәдігерлер талапқа сай сақталуы үшін әрдайым температуралық режим өлшеніп тұрады және жәдігерлерді орналастыруға арналған соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар орнатылған. 

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан елдеріндегі музейлермен және еліміздегі барлық республикалық, облыстық музейлерімен әріптестік орнатқан. Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен мұрасын және музей-қорықтың құнды жәдігерлерін насихаттау мақсатында әр жылдары халықаралық көрмелер өткізіп отырады.

Музей-қорықта «Ясауи ілімі мен мұрасы» тақырыбына арналған халықаралық конференция, «Әлемдік мәдени мұра ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету және зерттеу» тақырыбындағы халықаралық семинар, мектеп оқушыларына арналған «Ясауитану» республикалық байқауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мектеп жасындағы балалар үшін «Ясауитану клубы», «Жас археолог», «Жас экскурсовод», «Жас реставратор» үйірмелері жұмыс жасайды.  

Қазіргі таңда музей-қорықта Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шығыс моншасы, Қылует жер асты мешіті мен Жұма мешіті, Түркістан тарихы музейі, Ясауи музейі, Сирек жәдігерлер музейі дербес музейлер ретінде қызмет көрсетуде. 2025 жылы сәуір айында экспозицияланған Сирек жәдігерлер музейі 300 ш.м. аумақты құрайтын залға орналасқан. Экспозицияға музей-қорық қорындағы 270 дана құнды жәдігер қойылған. 


Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00
Билет құны 300 тг
Веб-сайт azretsultan.kz
Мекенжайы Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Әйтеке би 1 б
Scroll to Top