Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы
1990 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы» құрылған. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы Қазақстандағы ауқымы жағынан ең үлкен музей-қорық болып саналады.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының негізгі миссиясы - өңірдің тарихи-мәдени және табиғи мұрасын сақтау және насихаттау, қоғамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, музейлік жұмыс және туризмді дамыту. Музей қоғамның мәдени және білім беру орталығы ретінде қызмет атқарып, Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен табиғатын терең түсіну мен бағалауға ықпал етеді.
Музей-қорық аумағына 12 республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері кіреді, олар: Жошы хан, Алаша хан, Болған ана, Аяққамыр кесенелері, Домбауыл, Ақмешіт әулие кешені, Басқамыр қалашығы, Дүзен, Айранбай (Бескүмбез), Кетебай, Лабақ, Мақат кесенелері.
Соңғы 10 жыл ішінде «Ұлытау» музей-қорығы аумағындағы 12 республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің 11-іне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді.
Соңғы жылдары Жошы хан кесенесі, Айбас-Дарасы, Алтыншоқы, Талдысай қонысы, Теректі Әулие кешені, Бұланты шайқасы болған жерге және т.б. көптеген ескерткіштерге археологиялық қазба жұмыстары жасалды. Елімізге белгілі археолог А.С.Ермолаева «Талдысай қонысы» Қазақстандағы ежелгі металлургияның орталығы ғана емес, сонымен қатар әлемдегі металл қорытатын, әрі балқытатын бірегей көне орындардың бірі болған деген тұжырым жасады.
«Ұлытау» музей-қорығы аумағындағы Болған ана кесенесіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бірегей жәдігерлер (алтын тостаған, сырға, шаш қыстырғыш) табылып, Болған ананың балауыздан жасалған мүсіні (реконструкциясы) жасалып шықты.
Сапар орталықтың жалпы ауданы 1600 ш.м. құрайды.
Қордағы экспонаттар саны - 5845
Музей залдары:
Ұлытау музейінің экспозицияларында Алтын Орда дәуіріне жататын көптеген құнды археологиялық жәдігерлер сақталған. Бұл жәдігерлер тек тарихи құндылық қана емес, сонымен қатар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу жолындағы маңызды кезеңдерден сыр шертеді. Музейдің ғылыми-зерттеу қызметі арқылы бұл кезеңдер терең зерттеліп, жаңа деректермен толықтырылуда. Сонымен қатар, Өңірдегі тарихи орындар мен табиғи нысандар, соның ішінде Ақмешіт әулие кешені, Теректі әулие кешені сияқты киелі мекендер, туристер үшін тартымды орталықтарға айналуда Ақмешіт әулие кешені - тек табиғаттың көркем туындысы ғана емес, сондай-ақ көне дәуірден жеткен рухани-орын.