Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейі
Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейі 1991 жылы құрылған. Қазіргі таңда музей қорында 23 мыңнан астам сақтау бірлігі бар.Лисаков музейінің негізгі қорын қала құрушы кәсіпорын - Лисаков кен-байыту комбинатының тарихи-өндірістік музейінен берілген жәдігерлер құрайды. Бұл материалдарды Лисаков қаласындағы музей ісінің негізін қалаушы С.М. Ляпустина жинаған.1992 жылдан бастап қола дәуіріндегі Лисаков қонысы мен қорымынан (қазба жұмыстарын жүргізген - Э. Р. Усманова, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы Сарыарқа археология институты) археологиялық жәдігерлер музейге өткізіле бастады. Бұл коллекцияның бірегейлігі - б.з.д. XVIII-XIII ғасырларға тән андрон мәдени-тарихи қауымдастығының заттық әлемін жан-жақты көрсетуінде. Археологиялық жинақтың заңды жалғасы - Қазақстанның солтүстік аймағындағы көпэтносты халықтардың мәдени байлығын бейнелейтін этнографиялық коллекция болды. Оның құрамында қазақ, орыс, украин, неміс, татар және Лисаков өңірін мекендейтін басқа да этностардың мәдениеті қамтылған. Еуропа мен Азияның шекарасында, көшпелі және отырықшы-егіншілік мәдени-тарихи жүйелер тоғысында орналасқан бұл өңірдің географиялық тұрғыдан тиімді орны музейді мәдени туризмді дамыту мен аймақтық білім беру саясатын жүргізу үшін тартымды етеді. Музей экспозициясы келесі залдардан тұрады:«Даланың көне тарихы», «Киелі бөлме», «Лисаков. Экономика және қоғамдық өмір», «Қазақстан халықтарының дәстүрлі мәдениеті», Көрме залы. 2018, 2019, 2021, 2022 және 2023 жылдары «Рухани қазына» республикалық байқауының облыстық кезеңінде Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейі түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз деп танылды. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани қазына-2019» республикалық байқауының қорытындысы бойынша бұл музей Қазақстан Республикасының «Үздік аудандық (қалалық) музейі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Музейге жыл сайын 30 мыңнан астам адам келіп, оның көшпелі, онлайн және оффлайн іс-шаралары мен бағдарламаларына қатысады. Музейде виртуалды 3D турлар қолжетімді, көрмелерді дайындау барысында QR-кодтар қолданылады.