Ақмола облыстық тарихи - өлкетану музейі
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстанның тарихи-мәдени кеңістігінде маңызды орын алатын, аймақтың бай тарихи, археологиялық, этнографиялық және табиғи мұрасын жинақтап, сақтау мен танытуға бағытталған ең көне мәдени мекемелердің бірі болып табылады. Музейдің негізі 1920 жылы қаланып, ол уездік халыққа білім беру бөлімінің жанындағы Көкшетау тарихи-өлкетану музейі әрі Көрнекі құралдар музейі ретінде қызметін бастаған.
Алғашқы қор мектеп коллекцияларынан жиналған және жергілікті тұрғындар мен мұғалімдер берген 130-ға жуық тарихи маңызы бар жәдігерлерден құралды. Экспонаттар білім бөлімінің қарапайым бөлмесінде көпшілік назарына ұсынылған.
1944 жылы Көкшетау облысының құрылуына байланысты, 1945 жылдың қаңтарынан бастап мекеме Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейі мәртебесін алды. Сол кезеңде музейге қала орталығындағы бұрынғы мешіт ғимараты беріліп, экспозициялық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. 1974 жылдан бастап музей қазіргі таңда орналасқан, Көкшетау қаласының орталық алаңына жақын маңдағы екі қабатты тарихи-сәулет нысанына көшті. Бұл ғимарат 1904 жылы кірпіштен тұрғызылып, қазіргі таңда мемлекеттік қорғаудағы архитектуралық ескерткіш ретінде тіркелген.
2000 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының әкімшілік орталығына айналуына байланысты музейдің атауы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі болып өзгертілді. Мекеменің алғашқы ірі масштабты қайта жаңғырту жұмыстары 2012 жылы жүзеге асырылды.
Музейдің бірегей жобаларының бірі - «Ботай-Бурабай» атты ашық аспан астындағы музей. Бұл жоба энеолит дәуіріне жататын Ботай мәдениетін терең ғылыми-көрнекі тұрғыда танытуға бағытталған. Мұнда ежелгі жылқыны қолға үйрету, қоныс құрылысы мен шаруашылықты ұйымдастыру туралы нақты археологиялық материалдар негізінде жасалған көріністер ұсынылған.
2019 жылы музейдің барлық экспозициялық залдарында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы толық реэкспозиция жүргізілді. Қайта жаңғыртудан кейін музей келушілер үшін 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап есігін айқара ашты.
Қазіргі таңда музей қорында 83 000-нан астам бірегей экспонат сақтаулы. Бұл жәдігерлер өңірдің табиғи, археологиялық, этнографиялық, тарихи және мәдени дамуын жан-жақты сипаттайды. Олардың ішіндегі ең құнды және ғылыми-мәдени тұрғыдан маңызды үлгілері жаңа экспозициялық залдарда келушілер назарына ұсынылған. Сонымен қатар, музей құрылымында заманауи ғылыми-зерттеу, реставрация, экскурсиялық және ағартушылық бөлімдер жұмыс істейді.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі тек өңір тарихын танытуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тарихи санасын қалыптастыруға, жастарды патриотизмге тәрбиелеуге, ғылыми ізденістер жүргізуге және музейлік мәдениетті дамытуға үлкен үлес қосып келе жатқан мекеме ретінде ерекшеленеді.