Шүмек
Суреттер жүктелуде...
Сипаттама
Ақшыл жасыл түсті мөлдір шыныдан жасалған шүмек. Пішіні ұзын әрі жіңішке түтік тәрізді. Жоғарғы бөлігі кеңейтіліп, бір бүйіріне қысқа түтікше тәрізді қабылдағыш бөлігі шығарылған. Жоғарғы ұшы домалақ түйінмен аяқталады. Негізгі ұзын түтік төмен қарай біртіндеп жіңішкерген. Түтіктің төменгі ұшы сынған. Шыны бетінде уақыт әсерінен пайда болған күңгірттену, сарғыш дақтар мен ұсақ қабыршақтану іздері байқалады.
Шүмек бесік жабдығының құрамында баланы бесікке бөлеген кезде зәрді түбекке бағыттап ағызуға арналған гигиеналық құрал ретінде пайдаланылған. Түтік тәрізді ұзын бөлігі сұйықтықты төмен қарай өткізу қызметін атқарған. Шүмек түбекпен бірге қолданылып, баланың денесі мен төсек-жабдығының таза әрі құрғақ сақталуына мүмкіндік берген. Бесікке арналған шыны шүмек пен түбектің археологиялық үлгілері Отырар өңірінен белгілі.
Дәстүрлі бесік жабдықтарындағы шүмектер әртүрлі материалдардан жасалғанымен, бұл бұйымның шыныдан орындалуы оның ерекше технологиялық сипатын көрсетеді. Шыныдан осындай ұзын, жіңішке әрі күрделі пішінді тұрмыстық бұйым жасау ортағасырлық шеберлердің шыныны үрлеу және ыстықтай пішіндеу тәсілдерін меңгергенін аңғартады. Отырар мен Құйрықтөбеден табылған шыны бұйымдарының алуан түрлілігі өңірдегі дамыған шыны өндірісін сипаттайды.
Шүмек XI-XII ғасырлардағы Отырар тұрғындарының бала күтімі мен бесік мәдениетін, тұрмыстық-гигиеналық дәстүрлерін және шыны өңдеу ісінің даму деңгейін сипаттайтын археологиялық дерек болып табылады.