Шырағдан бөлігі
Суреттер жүктелуде...
Сипаттама
Қола шамның алты қырлы пішіндегі орталық фрагменті. Жоғарғы бөлігінің беті тегіс, ішкі жағында дәнекерлеу іздері бар. Алты қырлы бөліктің ажурлы өрнегі екі композициялық элементтен тұрады: геометриялық және өсімдік тектес өрнектер.
Жоғарғы бөлігінің биіктігі - 12,6 см. Жоғарғы бөліктің жиегі бойында ойықтар салынған. Геометриялық өрнек өзара жалғасқан тамшы тәрізді, сопақша, тікбұрышты және үшбұрышты пішіндегі тесіктерден тұрады. Тесіктердің екі жағында S тәрізді сызықтар жүргізілген. Өрнектік композиция тұтас сызықпен жиектелген және алты қырлы бөліктің барлық қырларында бірдей қайталанады. Каннелюралар арасындағы қыры деформацияланған, иілу мөлшері - 4 мм. Жоғарғы және төменгі бөліктерді бөліп тұрған жиек нүктелі өрнекпен безендірілген. Нүктелердің диаметрі - 3 мм.
Төменгі бөлігінің биіктігі - 11,5 см, диаметрі - 7,7 см. Төменгі жиегіне қарай 2 мм-ге тарылған. Өсімдік тектес өрнек біртіндеп үш күлтелі элементке ұласатын сабақшалардан тұрады. Алты қырлы бөліктің әр қырындағы өрнектік композиция элементтерінің орналасуы әртүрлі. Төменгі бөліктегі өрнек жартылай жоғалған, сақталған бетінде құю іздері байқалады.
Төменгі бөліктің ішкі жағында сынған фрагменттің қалдықтары сақталған. Болжам бойынша, бұл элемент бұйымды құрылымның басқа бөлігімен жалғастыруға арналған.