«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 қаулысымен ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды зерттеумен, қорғаумен және насихаттаумен айналысады. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қарамағында тас ғасырынан бастап бүгінгі күнге дейінгі әртүрлі тарихи кезеңдерде тұрғызылған, қала ішінде де, Жамбыл облысының аумағында да орналасқан Республикалық маңызы бар 30 ескерткіш бар.
Жамбыл облысының аумағында орналасқан ортағасырлық бес ірі қала - Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас сарай кешені 2014 жылы «Ұлы Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізі» маршруттар желісінің ескерткіштері ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді. Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Жерорта теңізі мен Қиыр Шығыс өркениетін біріктірген Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасына назар аударады. 2018 жылы Ақыртас кешені мен Айша бибі кесенесі ерекше туристік тартымды нысандардың Бүкіләлемдік тізімін толықтырды.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ғылыми-зерттеу қызметімен айналысады. 2011 жылдан бастап Тараз қалашығының аумағында археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ашық аспан астындағы музей - «Көне Тараз» археологиялық паркі құрылды. Музей-қорықтың қорында өңірде қолөнер мен тауар-ақша қатынастарының даму деңгейін айқындайтын қыштан, металдан, шыныдан жасалған бірегей артефактілер жинақталған.
2015 жылы ICOM Халықаралық музейлер кеңесі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Жыл музейі» атағын берді.