Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Монета

Суреттер жүктелуде...

Сипаттама

Алтыннан соғылған, дөңгелекке жуық пішінді монета. Жиегі біркелкі емес, кей тұстары мүжілген және аздап деформацияланған. Екі бетінде де араб графикасымен орындалған эпиграфикалық жазулар сақталған.
Монетаның бір бетінің ортасында сызық шеңбер ішінде Хорезмшахтар мемлекетінің билеушісі Ала ад-Дин Мұхаммед II ибн Текештің титулы мен есімі берілген. Жазуда билеушінің «ұлы сұлтан», «Ала ад-Дуния уа-д-Дин», «Әбу-л-Фатх Мұхаммед» деген титулдары мен есімі көрсетілген. Орталық жазуды қоршаған жиек бойында айналма эпиграфикалық мәтін орналасқан. Оның бір бөлігі монета жиегінің мүжілуіне және соғу бедерінің көмескіленуіне байланысты толық оқылмайды.
Екінші бетінің орталық бөлігінде исламдық діни формула - кәлима және Аббас әулетінің халифі әл-Насир ли-Дин Аллаһтың есімі берілген. Жиегін айнала қосымша эпиграфикалық жазу орналасқан, оның жекелеген бөліктері сақталмаған немесе көмескіленген.
Монета Хорезмшахтар мемлекетінің билеушісі Ала ад-Дин Мұхаммед II ибн Текештің билік құрған кезеңіне - 1200-1220 жылдарға жатады. Оның алтын монеталары шамамен 25 мм көлемдегі соғылған динарлар түрінде белгілі. Билеушінің есімімен қатар Аббас халифінің есімінің берілуі сол кезеңдегі исламдық ақша соғу дәстүріндегі саяси және діни билік ұғымдарының өзара байланысын көрсетеді. Мұхаммед II теңгелерінде әл-Насир ли-Дин Аллаһтың атының берілуі басқа нумизматикалық үлгілерден де белгілі.
Жәдігер XIII ғасырдың басындағы Хорезмшахтар мемлекетінің ақша айналымын, исламдық нумизматикалық дәстүрді, эпиграфиканы және Отырардың Орталық Азиядағы саяси-экономикалық байланыстарын зерттеуде маңызды археологиялық-нумизматикалық дерек болып табылады.

Мерзімделу кезеңі: 1200-1220 жж.
Материал: Алтын
Техника: Соғу
Өлшемі: диаметрі - 2,5 см.
Санат: Археология, Бағалы металл (алтын)
Scroll to Top