Тұскілем
Суреттер жүктелуде...
Сипаттама
Тұскілем. Табағы (ортасы) сары түсті күдері кесінділерінен құрастырылып тігілген, көмкермесі жасыл түсті барқыттан, кенересі (үш жағы) құндыз терісімен жұрындалған күдері тұскілем. Күдерінің ортасына алақұрт жиекті күн өрнегі кестеленіп, айнала шашырай қызыл, көк түсті розеткалар бізкестелеп көркем тігу тәсілімен өрнектелген. Сондай-ақ, ақ, көк түсті үлкенді-кішілі гүл өрнектері шашырай кестеленген. Күдерінің жиегіне (үш жағына) алақұрт өрнегінен тұратын екі қатар су жүргізіліп, арасына көкшіл түсті көгеріс өрнегі өрнектелген. Жасыл барқыттан тұратын көмкермесінің бетіне қызыл түсті теңіз маржандарынан гүлқауызы өрнегі (45 дана) шыны моншақтар, седеп түймелер (перламутровые пуговицы) және қалыптың көмегімен құйылған металл шытыралар тігіліп, көгеріс өрнегі желісін үзбей айналдырылған. Кенересі құндыз терісімен жұрындалып, жоғарғы жағына ілуге арналған мақта матадан ілгектер тағылған. Етегі ашық күйінде қалдырылған. Оның себебі, қазақ ұғымындағы өсіп-өнудің, көбеюдің нышандарын білдіреді. Бұл тұскілемнің материалдарының ерекшелігі, көркемдеп кестелеп тігілуі жағынан еш теңдесі жоқ деп айтуға болады.