«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Моңғол Алтайы жартас суреттері кешенін қорғау әкімшілігі ұйымдастырған «Жартас суреттеріндегі жылқы мәдениеті» атты халықаралық көрмеге қатысты. Аталмыш іс-шараға 2016 жылдан бері зерттеу нысанына айналған Кетпен жотасы, Қурайлы, Қаракүңгей ескерткіштерінің және 2021 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралардың алдын ала тізіміне енген Арпаөзен (С.Мургабаев архивінен) петроглифтерінің фотоматериалдары ұсынылды.
Көрменің басты мақсаты -жылқы мәдениетіне қатысты ғылыми деректерді көпшілікке таныстыру, әлемдік мұраны қорғаудың маңызын түсіндіру, Моңғол мен Ресей Алтайындағы және көршілес аймақтардағы жартас суреттерінің тарихи-мәдени құндылығын насихаттап, олардың арасындағы өзара байланысты көрсету.
Баян-Өлгий аймағының орталық алаңында 25 қыркүйек күні ұсынылған көрме экспозициясынан көрермендер Алтай мен Жетісу жартастарындағы жылқы бейнелерін тамашалап, оның көшпелі өркениеттегі орнын бағамдай алды.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ә.С. Қойлыбаевқа Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар саясаты министрлігі, Баян-Өлгей аймағы губернаторының әкімшілігі және Дүниежүзілік мұра нысанын қорғау жөніндегі әкімшілік тарапынан халықаралық көрмеге атсалысып, ортақ мәдениеттің насихатталуына үлес қосқаны үшін ресми Алғыстарын білдірді.