Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі 2018 жылы Алматы облысы, Жаңалық ауылында ашылды. Музейдің дәл осы мекенде орналасуы кездейсоқ емес. Бұл орын - ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңында жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың, соның ішінде көрнекті Алаш қайраткерлерінің жаппай жерленген орны ретінде тарихи маңызға ие. 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор» кезеңінде НКВД (Халық ішкі істер комиссариаты) тарапынан Алматы қаласында атылған адамдардың мәйіттері жасырын түрде Жаңалық аумағына әкелініп көмілген. Бұл деректер алғаш рет 1989 жылы саяжай құрылыстары жүргізілген кезде анықталды. Қазіргі таңда зерттеулер нәтижесінде осы жерде жерленген 4219 адамның тағдыры анықталып отыр. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды қазақ ұлтының көрнекті тұлғалары бар.
Музей экспозициясы үш негізгі бөлімнен тұрады:
1. Қуғын-сүргін тарихы (1916-1986 жж.) - бұл залда Қазақстандағы саяси репрессиялар мен тоталитарлық жүйе саясатының түрлі кезеңдеріне арналған тарихи-деректі материалдар ұсынылған. Экспозиция 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастау алады. 1930-1950 жылдар аралығындағы сталиндік репрессия, «халық жауы» ұғымының қолданылуы, жазықсыз айыптау, жер аудару, абақтыға қамау және ату жазасына кесу фактілері құжаттар мен көркем-диораммалық көріністер арқылы көрерменге жеткізіледі. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасына арналған бөлімде Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев және Ләззат Асановаға қатысты материалдар қойылған.
2. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау залы - бұл экспозицияда Алматы облысы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 4125 азаматтың есімі қара гранит тасқа қашалып жазылған. Бұл зал құрбандарды ұлықтау мен тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында жасалған.
3. «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының қызметі - үшінші залда 1989 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарының бастамасымен құрылған «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының қызметі мен бастамалары туралы ақпарат берілген. Қоғамның негізгі мақсаты - қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін ақтау, олар туралы деректерді жинақтау, зерттеу және қоғамдық санада сақталуын қамтамасыз ету.
Музей тек тарихи маңыздылығы бар мекеме ғана емес, сонымен қатар азаматтық сана мен тарихи жадыны сақтау ісінде маңызды рөл атқаратын мәдени-ағартушылық орталық болып табылады. Музей экспозициялары ғылыми негізде құрылып, архивтік құжаттар мен куәлікке ие деректермен толықтырылған. Оның қызметі саяси қуғын-сүргін тарихын жан-жақты зерделеу, жазықсыз жазаланғандарды мәңгі есте қалдыру және тоталитарлық жүйенің адамзатқа тигізген зардабын ұрпаққа жеткізу міндеттерімен тығыз байланысты.