Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қорқыт Ата мемориалды музейі

Қазақстандағы киелі мекендердің қатарына енетін, тарихи-мәдени маңызы зор «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені - Сыр өңірінің рухани символы әрі мәдени туризм нысаны ретінде ерекше орынға ие. Кешен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан және түркі халықтарының ортақ тұлғасы - Қорқыт Атаның есімін ұлықтауға арналған. Кешен 1980 жылы алғашқы рет салынғанымен, 2014 жылы толық күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған кешенмен қатар жаңа музей ғимараты бой көтерді. Осы орайда музей экспозициясы толықтай қайта құрылып, қазіргі заманғы талаптарға сай реэкспозициялық жұмыстар жүргізілді. Музейдің бүгінгі экспозициясы Сыр өңірінің ежелгі заманнан бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарихи-мәдени даму жолын қамтиды. Экспозициялық залдар хронологиялық және тақырыптық тұрғыда жүйеленіп, келушілерге аймақ тарихының әрбір кезеңін жан-жақты таныстыруды көздейді. Мұнда археология, Қорқыт Ата мұралары, ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар кеңінен ұсынылған.

Музейдегі археологиялық бөлім Сыр өңірінің ежелгі өркениеттерінің бай мұрасын қамтиды. Экспозиция Шірік-рабат мәдени кешенінен бастау алады. Бұл - б.з.д. IV-II ғасырларға жататын, бір кездері Қызылқұм шөлінің маңында өмір сүрген сақ дәуірінің қаласы. Шірік-рабат - Қазақстан аумағындағы ежелгі бекіністі қалалардың бірі ретінде зерттеушілер назарында ерекше маңызға ие. Бұл кешеннен табылған қыш ыдыстар, құрал-саймандар, еңбек құралдары мен тұрмыстық заттар сол дәуірдегі қоғамдық құрылым, шаруашылық пен мәдени өмірдің көрінісі болып табылады.

Экспозицияда Жетіасар мәдениетіне (б.з.д. І мыңжылдықтың соңы - б.з. І мыңжылдығы) тән артефактілер де көрсетілген. Жетіасар мәдениеті - Қызылорда облысындағы ежелгі қала мәдениетінің жүйесін құраған кешендердің бірі. Бұл мәдениетке тән қалашықтар - аграрлы-отырықшы өркениеттің дамығандығының айғағы. Мұнда қыш ыдыс сынықтары, тұрмыстық бұйымдар мен діни сипаттағы заттар ұсынылған. Сонымен қатар, экспозицияда ортағасырлардағы оғыз-қыпшақ кезеңіне (VII-XI ғасырлар) тән жәдігерлер ерекше орын алады. Бұл кезең - Сыр өңірінде оғыз және кейіннен қыпшақ тайпаларының этно-саяси ықпалы күшейген уақыт. Оғыздардың мәдениеті, діни наным-сенімдері мен шаруашылық дәстүрлері археологиялық заттар арқылы таныстырылады. Түркі халықтарының рухани бастауында тұрған Қорқыт Атаның да өмір сүрген кезеңі осы дәуірмен сәйкес келеді.

Экспозицияның ерекше бөлімі - Қорқыт Ата мұрасына арналған зал. Мұнда аңызға айналған ұлы ойшыл, жырау, қобыздың атасы Қорқыттың тарихи бейнесі, фольклорлық және философиялық мұралары, өмір сүрген кезеңі мен мәдениеттегі орны кеңінен таныстырылады. Қорқыт туралы аңыз-әпсаналар, түркі халықтарының жазба деректері, түрлі кезеңдегі әдеби және көркем шығармаларда бейнеленуі де осы бөлімде қамтылған.

Қорқыт Атаның қобыз аспабы, оның құрылымы мен мифологиялық мағынасы, ұлттық музыкалық дәстүрдегі орны ерекше зерттеледі. Экспозицияда қазақтың және басқа түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары да көрсетілген. Қобыз, домбыра, сыбызғы секілді аспаптар мен олардың дыбыс шығару ерекшеліктері, дәстүрлі орындаушылық мәдениеті туралы мәліметтер келушілерге таныстырылады.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі - Бұл бөлімде Сыр өңірінен шыққан діни, әдеби және тарихи мазмұндағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қойылған. Араб жазуындағы Құран кітаптары, шежірелер, медресе бағдарламалары, жыраулар шығармалары және ХХ ғасыр басындағы баспа өнімдері - өңірдің рухани-интеллектуалдық өмірінің көрінісі.

Қорқыт Ата мемориалдық музейі - Сыр өңірінің тарихи тереңдігін, этномәдени ерекшелігін және рухани мұрасын тұтастай таныстыратын ерекше ғылыми-ағартушылық орталық болып табылады. Ол ұлт жадысының қалыптасуына, рухани жаңғыру идеясының жүзеге асуына және жас ұрпақты тарихи-мәдени танымға тәрбиелеуге зор үлес қосып отыр.

Жұмыс уақыты 09:00-18:00
Билет құны 500 тг
Мекенжайы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қорқыт станциясы,, Қорқыт Ата кешен 1
Scroll to Top