Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

«Атамакен» тарихи-мәдени орталығы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы 2017 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында ашылды. Музейдің жалпы ауданы - 1250 шаршы метрді құрайды. Бұл орталық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын, мемлекет басшысы ретінде тарихи рөлін, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы үлесін жан-жақты көрсететін маңызды мәдени-ағартушылық мекеме болып табылады. Орталық заманауи сәулет талаптарына сай салынған. Ғимараттың ішкі құрылымы мен экспозициялық кеңістігі мазмұндық және хронологиялық жағынан нақты құрылымдалған. Жалпы музейлік кеңістікті төрт экспозициялық зал құрайды. Сонымен қатар орталықтың аумағында ашық аспан астындағы композициялар, көркем панно мен тарихи нысандар қойылған.

         Орталықтың музейлік қорында 953 сақтау бірлігіне жататын экспонат жинақталған, оның ішінде негізгі қорға тиесілі 447 бірлік бар. Бұл экспонаттар Қазақстан тарихы мен Тұңғыш Президенттің өмірі, қоғамдық-саяси қызметі, мемлекеттік құрылымның қалыптасуы және халықаралық қатынастар саласындағы жетістіктерін қамтиды.

         Экспозициялық залдар келесі тақырыптық бағыттар бойынша топтастырылған:

         Бірінші зал - Тұңғыш Президенттің балалық шағы, мектеп жылдары, студенттік кезеңі және алғашқы еңбек жолы. Бұл бөлімде Н. Назарбаевтың отбасылық ортасы, ауылдық тіршілік пен еңбек жолының алғашқы қадамдары суреттеледі. Экспонаттар қатарында фотосуреттер, құжаттар, тұрмыстық бұйымдар және оқуға қатысты жәдігерлер бар.

         Екінші зал - Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы кезеңіндегі аса маңызды саяси шешімдер мен Н.Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі рөліне арналған. Бұл бөлімде егемендіктің жариялануы, Конституцияның қабылдануы, ұлттық валюта - теңгенің енгізілуі, Астана қаласының жаңа астана ретінде жариялануы сияқты тарихи оқиғалар қамтылған.

         Үшінші зал - Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне арналған. Мұнда нарықтық экономикаға көшу, индустрияландыру, ауыл шаруашылығын реформалау, инфрақұрылымды дамыту және «Қазақстан - 2030» стратегиясы аясындағы жобалар бойынша көрнекі материалдар ұсынылған.

         Төртінші зал - Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен шетел мемлекеттерімен екіжақты және көпжақты ынтымақтастығы жөніндегі мәліметтерді қамтиды. Бұл бөлімде Тұңғыш Президенттің әлемдік деңгейдегі кездесулері, келісімдер, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, Түркі кеңесі сияқты ұйымдардағы белсенді қатысуы жайлы материалдар жинақталған.

         Орталық ауласындағы үлкен көркем панно - қазақ халқының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихи жолын бейнелейді. Мұнда түркі кезеңі, Қазақ хандығы, отарлау дәуірі, тәуелсіздік кезеңі сияқты тарихи кезеңдер хронологиялық тізбекте бейнеленген. Сонымен қатар орталық ауласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 2001 жылы мінген қызметтік көлігі көрмеге қойылған. Бұл тарихи жәдігер мемлекет басшысының қызмет жолындағы маңызды кезеңдердің белгісі ретінде ұсынылған.

          «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының басты мақсаты - халыққа мәдени және рухани қызмет көрсету, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихи сананы қалыптастыруға тәрбиелеу болып табылады. Орталықта түрлі экскурсиялар, тақырыптық дәрістер, конференциялар мен ғылыми-тәжірибелік семинарлар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, музей қызметі қазіргі музейтану, тарих, мәдениеттану және педагогика ғылымдарының талаптарына сай ұйымдастырылған.

Жұмыс уақыты 8:00 - 17:30
Билет құны тегін
Мекенжайы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, Жібек жолы 158/А
Scroll to Top