Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Археология музейі

«Ғылым Ордасы» Археология музейі - Қазақстан археология ғылымының қалыптасуы мен дамуы тарихын бейнелейтін, елдегі жетекші ғылыми-мәдени орталықтардың бірі болып табылады. Бұл музейдің негізі ХХ ғасырдың 1920-жылдарынан бастау алады және қазақ археология мектебінің негізін салушы бірнеше буын көрнекті ғалымдардың көпжылдық зерттеулерімен тығыз байланысты.

Археология музейі 1973 жылы Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тікелей бастамасымен ашылды. Бұл бастама археологиялық мұраларды жүйелі түрде сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарына тиімді жағдай жасау, сондай-ақ оларды көпшілікке таныстыру мақсатында жүзеге асырылды. Музей алғашқы кезде қазіргі Достық даңғылы, 44-үй мекенжайында орналасқан. Оның негізін қалауда қазақтың көрнекті археолог ғалымдары: академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан, тарихшылар Ә.Н. Нүсіпбеков, Х.А. Алпысбаев, археологтар М.Қ. Қадырбаев, А.Г. Медоев сынды қайраткерлер зор үлес қосты. Музей тек археологиялық жәдігерлерді сақтау қоймасы ретінде ғана емес, сонымен қатар жүйелі ғылыми-зерттеу базасы ретінде жобаланды.

Музейдің ғылыми маңызын арттырған елеулі оқиға - 1969 жылы Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінің - «Алтын адамның» зерттелуі болды. Археолог Кемел Ақышев пен реставратор В.Садомсковтың ғылыми реконструкциясы негізінде «Алтын адамның» алғашқы көркем бейнесі жасалып, ол ежелгі сақ өнері мен Қазақстан территориясындағы мемлекеттіліктің дамуын айғақтайтын ірі жаңалық ретінде халықаралық ғылыми қауымдастықта үлкен резонанс тудырды.

Музей экспозициясында Қазақстан аумағындағы тас дәуірінен бастап ортағасырларға дейінгі археологиялық кезеңдер қамтылған. Жәдігерлер қатарына қола дәуірінің қоныстары мен қорымдары (Беғазы-Дәндібай мәдениеті), ерте темір дәуірі сақ-үйсін тайпаларының бұйымдары, Түрік қағанаты кезеңіне тиесілі жазбалар мен артефактілер кіреді. Сонымен қатар, ортағасырлық қалалар - Отырар, Сауран, Тараз, Баласағұн және т.б. ескерткіштерінен табылған мәдени-тұрмыстық бұйымдар мен архитектуралық элементтер музейдің құнды қорын құрайды.

Археология музейі қазіргі таңда «Ғылым Ордасы» республикалық ғылыми мекемесінің құрамында жұмыс істейді. Музейдің негізгі міндеттері - Қазақстанның археологиялық мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау. Ол сонымен қатар археология саласындағы жас зерттеушілерді даярлау мен ғылыми-ағартушылық қызмет атқару жолында маңызды рөл атқарады. Музей қорында қазіргі кезде мыңдаған археологиялық артефактілер сақталған және олар Қазақстан тарихының материалдық-рухани мәдениетін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді.

Музей тұрақты және уақытша көрмелер ұйымдастыру, отандық және халықаралық ғылыми жобаларға қатысу арқылы археологиялық мұраны кеңінен таныстырып, көпшілікпен байланысты нығайтуда белсенді жұмыс атқаруда.

Жұмыс уақыты 9:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт www.gylymordasy.kz
Мекенжайы Қазақстан, Алматы қаласы, Шевченко көшесі 28
Scroll to Top