Т. Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейі
Тұрар Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану музейі 1963 жылы құрылған. 1994 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай музейге оның есімі берілді. Бұл бастама тарихи тұлғаның ел тарихындағы орнын айшықтап, жас ұрпаққа оның өмірі мен қызметін кеңінен таныстыру мақсатында жүзеге асырылды.
Музейдің негізгі мақсаты - өңірдің тарихи, мәдени және табиғи мұрасын жүйелі түрде зерттеп, сақтау және келешек ұрпаққа таныстыру. Сонымен қатар, музей - отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған ғылыми-ағартушылық орталық ретінде де маңызды рөл атқарады.
Музей қазіргі таңда екі қабатты арнайы ғимаратта орналасқан. Жалпы аумағы 596 шаршы метрді құрайды, оның 447 шаршы метрі экспозициялық залдарға, ал 149 шаршы метрі қор сақтау бөлмелеріне арналған. Бұл кеңістіктерде музей қорының негізгі бөлігін құрайтын жәдігерлер сақталып, көрмеге қойылады.
Музейдің экспозициялық құрылымы төрт негізгі залдан тұрады:
1. Туризмтану залы - ауданның туристік әлеуетін, табиғи нысандарын және киелі жерлерін таныстырады;
2. Көне тарих және этнография залы - өлкенің ежелгі дәуірлерден бүгінге дейінгі археологиялық және этнографиялық мұраларын қамтиды;
3. Аудан тарихы залы - Т. Рысқұлов ауданының әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын, саяси оқиғаларын баяндайды;
4. Табиғат залы - аймақтың табиғи байлығы, флорасы мен фаунасы туралы мәліметтерді ұсынады.
Музей ғимаратының алдында төрт маңызды мемориалдық ескерткіш орнатылған, олардың әрқайсысы тарихи оқиғаларды ұрпақ жадына сіңіруге бағытталған:
Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш (1931-1933 ж.ж.) - ХХ ғасырдың басындағы нәубетті жылдарда өмірін қиған адамдарға қойылған. Ескерткіш авторы - Сұлтан Иляев, мүсінді орындаған - Саид Атабеков.
Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш (1937-1938 ж.ж.) - сталиндік репрессия құрбандарына арналған. Бұл да Сұлтан Иляев пен Саид Атабековтің бірлескен жұмысы.
Ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш (1979-1989 ж.ж.) - ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп, елге оралмаған немесе жарақат алып қайтқан боздақтарға тағзым белгісі.
«Аманат» ескерткіші - Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағына арналған. Бұл ескерткіш - болашаққа жолдаған ел аманатының көрінісі ретінде қабылданады.