Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейі
Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейі - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімшесі ретінде 2018 жылы құрылды. Музейдің негізгі мақсаты - Шыңғырлау өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын жинақтап, сақтап, жұртшылыққа ұсыну арқылы ғылыми-ағартушылық қызмет атқару.
Қазіргі таңда музей бес экспозициялық залдан тұрады:
1. Археология және экология залы - Аталған залда Шыңғырлау ауданы аумағында әртүрлі кезеңдерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Сегізсай мен Елекшар оба-кешендерінен табылған жәдігерлер топтастырылған.
Экспозицияда сармат дәуіріне тән қыш құмыралар, ат әбзелдері, тасқа айналған теңіз жануарларының қаңқалары, мамонт сүйегінің фрагменттері, ортағасырлық жез және темір құмыралар ұсынылған. Сонымен қатар, өңір фаунасын танытатын жануарлар мен құстардың тұлыптары да орын алған.
2. Аудан тарихы залы - Бұл залда Шыңғырлау ауданының тарихи даму кезеңдері жүйеленіп көрсетілген. Экспозицияда:
• Ауданның Ресей империясы құрамындағы кезеңіне қатысты тарихи мәліметтер;
• Ресей патшалығы заманынан қалған қару-жарақ үлгілері мен облигация түрлері;
• Орынбор және Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаттарынан алынған құжаттар көшірмелері;
• Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған бұрыш, соғыс жылдарындағы майдан хаттары мен алғыс хаттардың көшірмелері, әскери атрибуттар мен ардагерлер тапсырған түпнұсқа құжаттар;
• Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңіндегі тұрмыстық бұйымдар мен сол уақыттағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы ақпараттар топтастырылған.
3. Ұлт руханияты залы - Залдың негізгі мазмұны түркі және қазақ жазба мәдениеті мен рухани мұрасын танытуға бағытталған. Экспозицияда:
• ХІХ ғасырда жазылып, басылған араб және шағатай тілдеріндегі көне діни, әдеби кітаптар;
• Батыс Қазақстан өңіріне тән дәстүрлі зергерлік бұйымдар;
• ХVIII ғасырда өмір сүрген атақты Табын Бөкенбай Қарабатырұлына арналған арнайы экспозиция;
• Қазақ халқының дәстүрлі қолөнер бұйымдары: ағаш және мыс ыдыстар, киіз үйдің ішкі жабдықтары мен ұлттық киім үлгілері ұсынылған.
4. Туған жер тұлғалары залы - Бұл залда Шыңғырлау өңірінен шыққан, түрлі жылдары ел дамуына сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған көрмелер жинақталған. Мемлекеттік рәміздер, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер, сондай-ақ жергілікті тұлғалардың өмір жолы мен қоғамдық қызметі баяндалады. Сонымен қатар, тарихи оқиғаларға байланысты ауыспалы экспозициялар жиі ұйымдастырылады.
5. Ел мерейі көрме залы - Залдың негізгі мазмұны - ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстық және көркемөнер заттары. Экспозицияда: Сол кезеңге тән жиһаз үлгілері; Аудандық қолөнер шеберлерінің туындылары: гипстен, ағаштан жасалған жануарлар мүсіндері, майлы бояумен салынған пейзаждар мен автопортреттер, жүннен тоқылған көркем бұйымдар, ұлттық нақыштағы көрпелер мен жастықтар ұсынылған.
Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейінің қорында қазіргі таңда 3188 дана жәдігер сақтаулы. Бұл қор жәдігерлердің материалдық, тарихи және мәдени құндылығын ескере отырып ғылыми жүйелеу және сандық форматқа көшіру арқылы ұдайы толықтырылып отырады. Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейі - тек жергілікті маңыздағы мәдени мекеме ғана емес, тарихи жадыны жаңғыртуға, отансүйгіштік тәрбиені қалыптастыруға және ұлттық мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды ғылыми-ағартушылық орталық болып табылады.