Cалихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы
Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы - Қызылорда облысы аумағындағы бейнелеу өнері мен мәдени мұраны дәріптейтін маңызды көркемсуреттік және ғылыми-ағартушылық мекеме болып табылады. Галерея 2014 жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық филиалы ретінде ашылған. 2019 жылы галереяға көрнекті қазақстандық суретші, график-кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Галерея орналасқан ғимарат XIX ғасырдың сәулет өнерін айғақтайтын тарихи ескерткіш болып табылады. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынып, іргетасы нығыздалған таспен қаланған. Ғимарат өзінің тарихи өмірінде әртүрлі қызмет атқарған:
1884 - 1920 жылдары - әскери казарма;
1920 - 1990 жылдары - Қызылорда қалалық әскери комиссариатының шақыру пункті;
2005 - 2014 жылдары - Қызылорда облысының мәдениет, тілдерді дамыту және қала құрылысы мен сәулет басқармасы осы нысанда жұмыс атқарған.
2005 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанға реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, 2014 жылы ғимарат тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілді. Сол жылы бұл нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркемсурет галереясы ретінде қайта ашылды. Қазіргі уақытта ғимарат Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің теңгерімінде.
Галерея жалпы 466,6 шаршы метр аумақты қамтиды. Ғимараттың бірінші қабатында 4 көрме залы орналасқан, ал екінші қабатында кәсіби суретшілер мен қолөнершілердің шығармашылықпен айналысуына арналған 5 шеберхана жұмыс істейді. Бұл шеберханалар түрлі жанр мен техникада еңбек ететін өнер иелеріне кең мүмкіндік береді.
Галереяның негізгі мақсаты - өнер арқылы рухани құндылықтарды насихаттау, отандық өнер иелерінің шығармашылығын таныстыру, сондай-ақ жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеуге баулу болып табылады. Галереяда кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бағытында жұмыс істейтін әртүрлі буындағы суретшілердің шығармалары ұсынылады. Сонымен қатар, галерея қызметі аясында: облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер, симпозиумдар мен шеберлік сыныптар, экскурсиялар мен дәрістер, шығармашылық кездесулер мен мәдени шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы - Қызылорда өңірінің мәдениет саласындағы маңызды орталығы. Ол өңірдің көркемөнерлік әлеуетін дамытуға, ұлттық мәдениетті насихаттауға және жас ұрпақты өнер арқылы тәрбиелеуге айрықша үлес қосып келеді. Ғимараттың тарихи құндылығы мен қазіргі заманғы көркемсурет қызметінің үйлесімі - оны аймақтағы бірегей мәдени нысан ретінде сипаттайды.