Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Көктерек тарихи-өлкетану музейі

Көктерек тарихи-өлкетану музейі - Батыс Қазақстан облысындағы тарих пен мәдениетті сақтау, зерттеу және насихаттау бағытында маңызды рөл атқаратын өңірлік ғылыми-ағартушылық мекеме. Музей тарих қойнауынан сыр шертіп, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет етіп келе жатқан орталық ретінде жарты ғасырлық даму жолынан өтті.

Музейдің негізі 1975 жылы 22 сәуірде сол кездегі Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Көктерек ауылындағы Көктерек орта мектебі жанынан «Даңқ музейі» ретінде қаланған. Алғашқыда қоғамдық негізде құрылған бұл музейдің ұйымдастырылуына мектеп ұжымы, оқушылар, ауыл тұрғындары мен жеке тұлғалар белсенді атсалысты. Уақыт өте келе музей қорындағы жәдігерлер саны артып, мазмұны кеңейіп, өлке тарихы мен табиғатына қатысты маңызды ақпарат көзіне айналды. 2004 жылы музей Казталов аудандық тәрбие жұмыстары орталығының қарамағына берілді. Ал 2008 жылдың қаңтарында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының шешімімен музей Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімі ретінде қайта құрылып, мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. Қазіргі таңда музей қорында 4000-ға жуық тарихи, этнографиялық және табиғи-мәдени жәдігерлер сақталған. Бұл экспонаттар арқылы өңірдің табиғаты, этнографиясы, тарихи кезеңдері мен тұлғалары туралы жан-жақты мәлімет алуға болады. Экспозициялар келесі алты тақырыптық залдан тұрады:

1. «Табиғат» залы - Көктерек аумағының флорасы мен фаунасы, геологиялық құрылымы, табиғи ресурстары көрсетілген. Жергілікті экожүйені тану арқылы оқушылар мен келушілер табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің маңызын түсінеді.

2. «Этнография» залы - Қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі, қолданбалы өнері, шаруашылық құралдары мен киім үлгілері, салт-дәстүрлері қамтылған. Бұл зал тарихи-этнографиялық білім беруде маңызды рөл атқарады.

3. «Дәуір» залы - Өлкенің көне заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихи дамуын баяндайтын археологиялық және тарихи деректер мен материалдар топтастырылған. Мұнда сонымен қатар ұжымдастыру, ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары туралы деректер де көрініс тапқан.

4. «Даму» залы - Ауылдың кеңестік кезеңдегі және тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жетістіктері ұсынылған. Бұл залда ауылдағы өндіріс, білім, мәдениет пен спорт салаларының эволюциясы көрсетіледі.

5. «Даңқ» залы - Ұлы Отан соғысына қатысқан көктеректік жауынгерлердің ерліктері мен тылдағы еңбекке қатысты құжаттар мен жәдігерлер ұсынылған. Сонымен қатар, осы залдың ауласында соғыстан қайтып оралмаған 180 боздаққа арналған мемориалдық ескерткіш орналасқан. Бұл - қазіргі ұрпақтың тағзым ету орнына айналған қасиетті нысан.

6. «Дарын» залы - Көктерек ауылынан шыққан көрнекті тұлғалар, ғылым, өнер, спорт және мәдениет саласындағы жетістіктерімен танылған азаматтар туралы мәліметтер жинақталған. Бұл зал тұлғатану мен азаматтық тәрбиенің маңызды құралы ретінде қызмет етеді.

Бүгінгі таңда Көктерек тарихи-өлкетану музейі - тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және патриоттық тәрбие салаларында белсенді жұмыс жүргізіп отырған мекеме. Музей экспозициялары заманауи музейтану талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жаңартылып, тарихи деректерді жинақтау мен оларды ғылыми айналымға енгізу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 200 тг.
Веб-сайт www.olke.kz
Мекенжайы БҚО, Казталов ауданы, Көктерек ауыл, Ақбаев көшесі 23
Scroll to Top