Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қобыланды мемориалдық кешені

Қобыланды батыр - XV ғасырда өмір сүрген, қазақ халқының ерлік шежіресінде ерекше орын алатын тарихи және фольклорлық тұлға. Ол - тек батырлық жырлар мен аңыз-әңгімелердің қаһарманы ғана емес, сонымен қатар шынайы тарихи оқиғаларға қатысқан, елінің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғаған көрнекті қолбасшылардың бірі. Қобыланды батырдың өмірі мен ерлік жолы - қазақ халқының батырлық дәстүрінің, ұлт-азаттық күресінің символына айналған. 2007 жылы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданының Талдысай ауылдық округіне қарасты Жиренқопа ауылы маңында Қобыланды батырға арналған мемориалдық кешен бой көтерді. Бұл кесене өзінің архитектуралық шешімімен және символдық мазмұнымен ерекшеленеді. Заман талабына сай тұрғызылған кесене ХХІ ғасырдағы сәулет өнерінің үздік үлгілерінің бірі ретінде бағаланады. Кесененің биіктігі - 17,5 метр, ені - 12 метр. Ғимарат батырдың әскери дулығасын бейнелейтін күмбез тәрізді пішінде салынған, бұл оның батырлық бейнесін архитектуралық форма арқылы жеткізудің көркем тәсілі ретінде қабылданады.

Кесененің ішкі бөлігінде үш жүздің бірлігін білдіретін және туған жерді қорғауға әзір тұрған батырдың ерлігіне ишара ретінде күміспен қапталған қалқан және үш найзаның ұштары орналастырылған. Кешенге апарар жол бойында батырдың тыныштығын күзетіп тұрған сарбаздарды бейнелейтін тас мүсіндер - балбалтастар қойылған. Бұл мүсіндер көне түркі дәуірінен бастау алатын ескерткіш дәстүрлерімен үйлесім табады.

Кесене аумағында әскери садақ пішінінде салынған қосалқы нысандар - Қобыланды батырдың өмірі мен жыр жолдарына арналған шағын музей және туристерге арналған демалуға лайықталған қонақ үй орналасқан. Мұражай экспозициясында батыр туралы жиналған жазба және ауызша деректер, тарихи карталар мен археологиялық материалдар, сондай-ақ «Қобыланды батыр» жырының әртүрлі нұсқалары қойылған.

Кешен жанында Қобыланды батырдың соғыс алдында жауға қарсы семсерін қайраған деген аңызға негізделген көлемді тас бар. Оның ұзындығы - үш метр, ені - 60 см. Бұл тас бүгінге дейін сақталып, тарихи жәдігер ретінде құрметтеліп келеді.

Қазіргі уақытта Қобыланды батырдың есімімен байланысты батырлық эпостың 29 нұсқасы халық аузында сақталған. Бұл нұсқалар Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі атаулармен тарағанымен, олардың барлығы да батырдың елін, жерін жаудан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігін суреттеуге негізделеді.

Қобыланды батыр кесенесі - тек тарихи-мәдени мұра ғана емес, сондай-ақ рухани жаңғырудың, ұлттың тарихи жадыны жаңғыртудағы маңызды нысан болып табылады. Бұл мемориалдық кешен Қазақстандағы киелі орындар картасына енгізілген және жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен келетін туристер мен зияратшылардың жиі баратын орнына айналған.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны тегін/бесплатно
Веб-сайт www.qobylandy-muzei.kz
Мекенжайы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылы, Қобыланды батыр 1
Scroll to Top