Мақат тарихи-өлкетану музейі
Мақат тарихи-өлкетану музейі 1974 жылы аудандық партия комитетінің құрылғанына 50 жыл толу қарсаңында Доссорға аудандық партия комитетінің І-ші хатшысы Әмір Ипмағамбетов келетін болып, осы маңызды оқиғаға орай музей бөлмесін ашу ұйғарылып, жұмысымен айналысу мектеп-интернат директоры Сатқан Бисеновке жүктелген. Осылайша Доссор кентіндегі Сабыр Шарипов атындағы мектеп-интернаты жанынан 318 жәдігермен қоғамдық бастама негізінде музей негізі қаланған. Музейдің негізін қалаушысы бірінші директор ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Мақат ауданының Құрметті азаматы Сарғұнанов Ораз Өтебайұлы. Қазіргі таңда музей қорында 4743 жәдігерлер жинақталған. Музейдің жалпы ауданы: 156 ш.м. Музей тарихи-өлкетану, этнография залы және өлке табиғатына арналған экспозициядан тұрады.
1. «Тарихи-өлкетану залы» - Тарихи-өлкетану залының алғашқы экспозициялық көрінісі Орта ғасырлық Тас кешу керуен сарайынан басталады. Керуен сарай ХIII ғасырда Алтын орда дәуiрiнде, Сағыз өзенiнiң өтетiн өткел тұсында салынған. Көшпелі мәдениет ескерткіші Таскешу керуен сарайы экскозициясында қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ортағасырлық тарихи жәдігерлер әшекей бұйымдар (сақина, сырға, моншақ сынығы) мыс қасық, қола қоңырау, қыш ыдыс сынықтары, Алтын Орданың билеушілері Өзбек хан (1313-1341 жж) және Жәнібек хан (1341-1357 жж.) тұсында Сарай әл-Жадидте соғылған тиындар орналасқан.
2. «Этнография залы» - залда этнографиялық құндылықтардың бірі қазақ халқының ертеден келе жатқан көшпелілер баспанасы киіз үй құралдары, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін насихаттайтын құнды жәдігерлер: ұлттық киімдер, зергерлік, ағаш, теріден жасалған тұрмыстық бұйымдар және мұнайшы ардагерлеріміздің музей қорына тапсырған тұрмыстық бұйымдары, қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған.
3. «Өлке табиғаты» экспозициясында - бекіре тәрізділер отрядына жататын - бекіре, қорытпа, шоқыр, көксерке балықтары, құстардың түрлері: үкі тұқымдасына жататын жыртқыш құс филин, жалпақтұмсық, сарытұмсық, ұзынтұмсық, шүрегей үйректер, қасқалдақ, қырғауыл, сонымен бірге түлкі, қасқыр, қоян және тағы да басқа аңдардың тұлыптары орналасқан.