Сайрам музейі
Сайрам музейі 1992 жылы тарихшы, профессор М. Мирхалдаровтың бастамасымен ашылды. Ғимарат 1968 жылы «Ленин» атындағы колхоз кеңсесі ғимараты ретінде салынған. 2024 жылдың қараша айынан «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» «Сайрам музейі» бөлімі болып қызмет атқарып отыр.
2 қабатты Музейдің ғимараты жалпы көлемі 800 шаршы метрді құрайды. Музей экспозициясы 10 залдан тұрады. Сайрам музейі қорында 9 мыңға жуық жәдігер бар.
Музей экспозициялық залдарында өз өлкесінің тарихына бей-жай қарамайтын адамдардың тарту еткен бірегей жәдігерлерін, қазақ халқының төл мәдени тарихын, рухани байлығын, тұрмыс-тіршілігін, ұлттық философиялық ой мүддесін баяндайтын құнды жәдігерлерін тамашалауға болады.
1. «Археология» залы - Жер астынан табылған көне заманғы қыш бұйымдар, дәрілік ыдыстардың жасау кезінде пайдаланған ошақтың бөлшектері қойылған. Музей залындағы қыш құмыралар, ыдыстар, еңбек құрал-жабдықтары өлкенің көне замандағы тарихы мен мәдениетінен мағлұмат береді.
2. «Қазақ этнографиясы» залы - Қазақ халқының ерте замандардан келе жатқан руханияты мен салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігін және ата-бабаларымыздың тұрмыста қолданған заттары, түрлі әшекей-бұйымдары, киіз үйдің бөлшектері, киімдері, ыдыстары қойылған.
3. «Исфиджаб қаласының шаруашылығы» залы - Қоқан хандарының суреттері, сол уақытта әйелдердің киген пәренжісі қойылған. Сондай-ақ, еңбек құралдары, сауда-саттықта пайдаланған темір аспалы және жер таразылары, ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Сайрамдағы саяси-әлеуметтік оқиғалар, тарихи тұлғалар өмірі жайында баяндайтын құнды фотосуреттер, құжаттар, заттық деректер қойылған.
4. «Екінші дүниежүзілік соғысы» залы - Сайрамнан шыққан Кеңес Одағының батырларының, соғыс ардагерлерінің киімдері, орден-медальдары, құжаттары қойылған. Музейде 100-ге жуық жауынгерлердің заттары, тарихи суреттері жиналған.
5. «Қоныс аударған славяндардың тұрмысы» залы - Славян халықтарының салт-дәстүрі, музыкалық аспаптары, дәстүрлі шараушылығы, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ыдыс-аяқтары мен пайдаланған заттары ұсынылған.
6. «Өзбек этнографиясы» залы - Өзбек халқының ерте замандардан келе жатқан руханияты мен салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі және тұрмыста қолданған заттары, түрлі әшекей-бұйымдары, киімдері, тоқыма заттары, ыдыстары, музыкалық аспаптары қойылған.
7. «Тәуелсіздік» залы - Желтоқсан оқиғасы - 1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдарынан сыр шертетін фотосуреттер, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жетістіктері туралы мәліметтер қойылған.
8. «Еңбек ардагерлері» залы - С. Досметов, О. Жамалов, Н. Юлдашев, Ж. Аязбаев, С. Мирсултанова, С. Юлдашев, Н. Сулейманов, Х. Абдукадирова, Ш. Досметов, Ю. Мадиев, Т. Хайтметовтардың суреттері, ордендері, медальдары, құжаттары, алғыс хаттары қойылған.
9. «Табиғат» залы - Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен құстар, тау жыныстары, дәрілік өсімдіктер коллекциясы ұсынылған.
10. «Тарихи-орындар» залы - Сайрам мекенінің архитектуралық ескерткіштерінің суреттері атап айтсақ: Ибраһим ата кесенесі, Қарашаш ана кесенесі, Мірәлі баба, Әбдел Әзіз баб кесенелерінің суреттері қойылған. Арабша кітаптардан «Насабнама», «Құран Кәрім» т.б. кітаптар бар.