Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі
Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматыдағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі №60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешімі шықты.
Шолпан Ахметқызы, Гүлнар Міржақыпқызы және апалы-сіңлілі: Данабике мен Күнімжан Байқадамовалар және ахметтанушы ғалымдардың ізденісінің нәтижесінде А. Байтұрсынұлы тұрған үйді табу - тарихи оқиға болды.
Табылған үйді музей ретінде жасақтау - 1993 жылдың 9-қыркүйегінде«Қазақтың халық ағартушысы А. Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» қала әкімі З. Нұрқәділовтың №360 шешімі негізінде тозған үйге қарапайым жөндеу жұмыстары жүргізілді.
1993 жылы 18 ақпандағы №78 қала әкімінің шешімімен Космонавтар көшесіне /ұзындығы - 4450 м/ А.Байтұрсынұлы есімі берілді.
«Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы рөліне құрмет көрсете отырып және аса көрнекті ағартушы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, А. Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты» ҚР Үкіметі 1997 жылы 4 ақпанда №150 қаулы қабылданды. Қаулы аясында музей-үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1998 жылы 12 қыркүйекте ашылу салтанаты ғалым бюстінің тұсаукесерімен бірге өтті. 2021 жылдың 13 қазан айынан бастап «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамына кірді.
Музей-үйі Алматы қаласы, Алмалы ауданы, А.Байтұрсынұлы көшесі 60үйде (қиылысы: Жамбыл) орналасқан. Ғимарат көлемі - 160 шаршы метр. Жер теліміне меншік құқығын және тұрақты жер пайдалану құқығын беретін акт - 0,1559 га. Музейдің қорында 308 экспонат жинақталған.
Музей бірнеше экспозициялық залдан тұрады:
«Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты I залда А.Байтұрсынұлын Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі Сот алқасының 1988 жылғы 4қарашадағы анықтамасы, 1990 жылғы 26 ақпандағы «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссия қорытындысы» телнұсқалары қойылған.
А.Байтұрсынұлы, оның жұбайы Бадрисафа мен қызы Шолпанды ақтау туралы анықтамалар, отбасы туралы мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер берілді. Осы залда суретші Б. Мырзахметовтің 2007 жылы салған А. Байтұрсынұлының портреті ілінген.
Ғалымның қайта басылған таңдамалы туындылары және көптомдықтары, тұлға мұрасына арналған жеке және ұжымдық ғылыми зерттеулер, шетелдік ғалымдардың зерттеу кітаптары жасақталған.
А.Байтұрсынұлына арналған марапаттар мен тұлғаның атындағы ордендер, медальдар және қайраткердің мерейтойына арнайы шығарылған сый кәделер орналастырылған. Сонымен қатар, Үкімет қаулылары, шешімдері мен өкімдері топтастырылған. Зал қабырғасына Ұлт ұстазының айшығы жазылған.
«Қазақ санасының шамшырағы» атты ІI зал тұлғаның балалықтан даналыққа дейінгі өміріне арналған. А. Байтұрсынұлының шыққан ататегі, туып-өскен жері, білім алған мектептері, ағартушылық жолындағы күресіндері баяндалады. Тарихи тұлғаның патшалық және кеңестік билік тұсындағы Омбы, Қарқаралы, Семей, Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларындағы өмір кезеңдері, қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлігі, «Қазақ» газетін шығаруы, «Алаш» партиясы мен «Алаш-Орда» үкіметі, Қазревкомдағы және халық ағарту саласындағы қызметтері, еңбекшілер көсемі Ленинге жазған хаты және ҚазПИ архивінен қолмен жазған өмірдерегі, жеке іспарағы құжаттары жасақталған.
Сонымен бірге, тілтанымдық оқулықтары: «Тіл - құрал», «Байаншы», «Сауаташқыш: сауатсыз үлкендер үшін», «Әліб-бій: жаңа құрал» және әдеби мұрасы: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы: қазақша алифба», «Әдебиет танытқыш» кітаптарының макеті, цензурадан өтпеген «Мәдениет тарихы» кітабының кесілген макеті, Қазақ әліпбиінің кестесі орналастырылған.
Б. Байтұрсынкелінінің ұстаған тұрмыстық бұйымдары: самаурын, жезтабақ, күміс қасықтар, жезқұман, жезшылапшын және Байтұрсынұлының отбасылық сандығы мен қолшабаданы қойылған.
«Соңғы үкім» бұрышында тұтқындалушының сауалнамасы,қамау ордері, түрмедегі суреті, саусақ іздері, ату жазасына кесілген хаттама және өлгендігі туралы куәлік қойылған.
«Ұлт ұстазының жұмыс бөлмесі» II залда А.Байтұрсынұлының жұмыс кабинеті жабдықталған. Кітап шкафының сөресінде ғалымның көзі тірісінде жарық көрген кітаптарының макеттері қойылды.
А. Байтұрсынұлының мүсіні қойылған жұмыс үстелінде «Қазақ» газеті және «Айқап» журналының макеті, «Әліб-бій» кітабының телнұсқасы, әрі жазу машинкасы, сиясауыт, қаламсап, мөртабан қойылды.
Бұл залда Ахметтің өзі ойнаған домбырасы, композиторлық қырын айшықтайтын «Арман» күйі, ол жеткізген әндер нотасының топтамасы және қылқобыз, скрипка, саквояж жасақталды. А.Байтұрсынұлының қарындасы Зиләш ұрпақтары сыйлаған күйсандық және Ш.Ахметқызынан жеткен үстел сағаты мен балауыз тұғыры қойылған. Қабырғада ғұламаның 150 жылдығы құрметіне ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев сыйлаған «Тұмар» ілінді.
«Ахметтану» оқу орталығыныңдәрісханасы жабдықталды. Орталық - ғалым және Алаш арыстары мұрасын зерттеу жұмыстарын үйлестіріп, көшпелі және виртуалды көрмемен айналысады. Келісімшартқа отырған арнайы және жоғары (ЖОО) мектеп білімгерлерін тағылымдамадан өткізіп, кәсіби бағытқа қалыптасуына қолдау көрсетеді.
Музей-үйі - А.Байтұрсынұлы мен оның замандастарының есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында ғалымның туған күні 5 қыркүйекте «Тұлғалар тағылымына - тағзым» оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырған.