Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Шелек тарихи-өлкетану музейі

Шелек тарихи-өлкетану музейі 1981 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес қазіргі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің филиалы ретінде құрылған. Музей орналасқан ғимараттың іргетасы 1900 жылдары қаланған. 1965 жылдарға дейін мұнда Абай атындағы орта мектеп, 1965-1972 жылдары интернат, 1972-1979 жылдары аудандық оқу бөлімдері орналасқан. 1979-1981 жылдар аралығында музей ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп, 1981 жылдың 5 мамырында ресми түрде пайдалануға берілді.

Музейдің жалпы аумағы 855 шаршы метрді құрайды, ал экспозициялық кеңістік көлемі-233,1 шаршы метр. Қазіргі таңда музей қорында 2432 негізгі жәдігер сақталған. Экспозициялық құрылым алты негізгі залдан тұрады. Әрбір залда өңірдің тарихи дамуы, мәдени-рухани өмірі мен қоғам қайраткерлерінің қызметі қамтылған.

1. «Тәуелсіздік» залы - Бұл залда Қазақстан Республикасының егемендік алуы, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы және ұлттық рәміздердің мәні кеңінен таныстырылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет құрудағы рөлі баяндалады. Зал экспозициясында мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған фотосуреттер, 100 жылдығына арнап шығарылған басылымдар, кітаптар мен отбасы туралы деректер қойылған. Сонымен қатар, Жетісу өңірінің географиялық картасы мен табиғатына арналған фотосуреттер көрермен назарына ұсынылады.

2. «Археология» залы - Бұл залда алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бастап Түркі дәуіріне дейінгі археологиялық жәдігерлер қамтылған. Атап айтқанда, Есік қаласының маңынан 1969 жылы табылған "Алтын адам" фотосуреті, Түркі кезеңіне тән балбал тастар (V-XII ғғ.), 2016 жылы Шелек ауылы маңынан табылған қыш құмыралар мен басқа да көне тұрмыстық бұйымдар ұсынылған.

3. «Өлке табиғаты» залы - Зал экспозициясында Қазақ хандығының құрылуы мен оның тарихи тұлғалары-хандар, билер, батырлар мен күйшілер туралы ақпараттар беріледі. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың соңында Жетісуға ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы, 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басына тән шойын үтіктер, Іле Алатауының фаунасы мен флорасы, қазақ халық медицинасының дәрілік өсімдіктері, сондай-ақ Кеңестік кезеңдегі автоклубтың техникалық жабдықтары көрсетілген.

4. «Этнография» залы - Қазақ, орыс, ұйғыр және шешен халықтарының тұрмысы мен мәдениеті осы залда көрініс табады. Атап айтқанда, 1710-1750 жылдары шешен халқы қолданған жез құмған, Тула зауытында 1880-1890 жылдары жасалған мыс самаурын, Кеңес дәуірінде Шелек ауылында алғаш мешіт ашқан Балташ қажының 1905 жылы қажылыққа киіп барған шапаны, Құран кітабы мен таспиғы ұсынылған.

5. «Ер есімі-ел есінде» залы - Ұлы Отан соғысына Шелек өңірінен 5000-ға жуық азамат аттанған. Бұл залда соғыс ардагері Төле Кенжебаевтың фотосуреті, киімдері, орден-медальдары және соғыс, Чернобыль апатына қатысқан азаматтардың жеке заттары қойылған.

6. «Еңбегімен елге танылған» залы - Бұл бөлімде Кеңес дәуірі мен Тәуелсіз Қазақстан жылдарындағы білім, медицина, ауыл шаруашылығы және спорт салаларында ерекше еңбек сіңірген азаматтар туралы ақпарат ұсынылады. Ауған соғысы, Чернобыль апаты және Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміздің фотосуреттері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматтары, шекара қызметіндегі еңбегімен танылған Тұрғанбек Стамбековтің жеке заттары мен фотосуреті, полковник Дәулетов Тұрысбек Әбдіқадырұлының киімдері және ардагер ұстаз, музей ісін ұйымдастыруда ерен еңбек сіңірген Орынбетова Алмагүл Абиырқызының марапаттары мен альбомы да осында жинақталған.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Мекенжайы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауд, Шелек ауылы, Жібек Жолы көшесі 119
Scroll to Top