Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі

Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музей филиалы - бұл өңір тарихын зерттеу, сақтау және насихаттау мақсатында құрылған мәдени-ағартушылық мекеме. Музей Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің 1992 жылғы 2 мамырдағы №144 қаулысы негізінде ресми түрде құрылды. Алғашқы көрмесі 1997 жылы аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында ашылып, музей біраз уақыт тұрақты ғимаратсыз жұмыс істеді. Кейінірек, музей экспозициясы Жаңақорған аудан орталығындағы 1905 жылы салынған бұрынғы қазақ-орыс қыш мектебінің төрт бөлмесіне орналастырылып, жаңа үлгідегі көрме жабдықтарымен толықтырылды.

2023 жылдың 23 желтоқсанында музейдің экспозициясы заманауи талаптарға сәйкес жаңартылып, 2025 жылдың ақпан айында аудан орталығындағы жаңа салынған «Руханият» орталығында «Жаңақорған ауданының тарихы залы» ретінде қайта жасақталды. Қазіргі уақытта музейдің жалпы аумағы 613 шаршы метрді құрайды.

Музей қоры 12062 экспонатты қамтиды. Оның ішінде 7596 бірлік - негізгі қор, 4466 бірлік - көмекші қор, ал 961 жәдігер экспозицияға шығарылған.

Бүгінде музей экспозициясы «Жаңақорған ауданының тарихы залы» шеңберінде төмендегідей негізгі бөлімдерге жіктелген: 

1. Аудан табиғаты бөлімі - бұл бөлімде Жаңақорған ауданының географиялық орналасуы, табиғи-рельефтік ерекшеліктері, климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі туралы ғылыми негізделген мәліметтер ұсынылған. Экспозициядан аудан аумағындағы Қаратау, Сырдария секілді ірі табиғи кешендердің фотосуреттері мен картографиялық материалдары арқылы өңірдің табиғи байлығы мен экожүйесі туралы көрнекі ақпарат алуға болады. Бұл бөлім келушілердің туған жер табиғатына деген танымын кеңейтуді мақсат етеді.

2. Ауданның археологиялық және тарихи ескерткіштері бөлімі - бұл бөлім Жаңақорған өңірінде орналасқан археологиялық және архитектуралық ескерткіштерді қамтиды. Қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі тарихи кезеңдерді сипаттайтын экспонаттар - петроглифтер, керамикалық ыдыстар, темір қару-жарақтар, сәндік-қолданбалы бұйымдар - археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған. Өзгент, Сығанақ, Аққорған секілді ортағасырлық қалалардан табылған жәдігерлер тарихи үдерістердің сабақтастығын дәлелдейді. Бұл бөлім аудан аумағындағы өркениет ошақтарының кеңістіктік және хронологиялық дамуын көрсетеді.

3. Әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімі - Бұл бөлімде кеңестік кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейінгі ауданның экономикалық дамуы мен әлеуметтік құрылымының трансформациясы ұсынылған. Ауыл шаруашылығы, ирригациялық жүйелер, өндірістік нысандар, мектеп, аурухана, мәдениет үйлерінің дамуы жөніндегі деректер мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер және макеттер арқылы көрерменге жеткізіледі. Аудан экономикасының тірегі саналатын егіншілік, мал шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікке байланысты деректер тарихи салыстырмалы түрде беріледі.

4. Мәдениет, әдебиет және өнер бөлімі - бұл бөлімде Жаңақорғаннан шыққан өнер және әдебиет қайраткерлерінің өмір жолы мен шығармашылығы көрініс табады. Көрермендерге өңірге танымал ақын-жазушылар, әншілер, күйші-домбырашылардың фотосуреттері, жеке қолданған заттары, шығармалары ұсынылған. Жергілікті мәдениет үйлерінің, кітапханалардың тарихы мен рөлі де осы бөлім арқылы таныстырылады. Бөлім халықтық мәдениетті сақтау мен дамытудағы ұрпақ сабақтастығына назар аударады.

5. Этнография бөлімі - қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-салты мен этномәдени өмірін таныстыратын бөлім. Бұл жерде қазақ киіз үйінің бөлшектері, тұрмыстық бұйымдар (түйенің жүгін артуға арналған әбзелдер, ағаш ыдыстар, кебеже, сандық), ұлттық киім үлгілері, зергерлік бұйымдар, тоқыма және кесте өнері көрініс тапқан. Сондай-ақ бұл бөлім арқылы қазақ халқының наным-сенімі, салт-дәстүрі, отбасы құрылымы, шаруашылық үлгілері сияқты этнографиялық белгілері жөнінде жүйеленген ақпарат ұсынылады.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт museum-kyzylorda.kz
Мекенжайы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақоран кенті, Қорған көшесі 5
Scroll to Top