Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Ақын Сара мемориалды музейі

Ақын Сара Тастанбекқызының мемориалды музейі Қазақстанның табиғаты көркем, тарихы бай қасиетті Қапал өңірінде орналасқан. Музей орналасқан ғимарат XIX ғасырдың екінші жартысында салынған тарихи нысан болып табылады. Бұл ғимарат кезінде лазарет ретінде пайдаланылған және мұнда Қапал уезінің дәрігері, генерал И. Соболевский тұрған. 1864 - 1865 жылдары дәл осы лазаретте қазақтың ұлы ағартушы-ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов ем қабылдағаны тарихи деректермен дәлелденген.

1993 жылғы 19 маусымда, ақын Сара Тастанбекқызының туғанына 115 жыл толуына орай, осы тарихи ғимаратта ақын есімін иеленген мемориалды музей ашылды. Қазіргі таңда бұл мекеме - «Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Музей экспозициясы төрт тақырыптық залдан тұрады:

1. «Сараның балалық шағы» залы;

2. «Сараның өскен ортасы» залы;

3. «Ақын Сараның шығармашылығы» залы;

4. «Ақын Сараның ізбасарлары» залы.

Әрбір зал мазмұндық жағынан терең ойластырылып, сол дәуірдің рухын сезіндіретін заттармен толықтырылған. Атап айтқанда, Сара өмір сүрген кезеңнің тұрмыс-салт бұйымдары, зергерлік әшекейлер, дәстүрлі киім үлгілері, сондай-ақ Біржан салмен болған әйгілі айтысының жазба нұсқалары мен ақын өлеңдері экспозициялық түрде жүйелі орналастырылған.

Сара Тастанбекқызы (1853-1907) - қазақтың суырыпсалма ақындық өнерінің көрнекті өкілі, шешендік пен тапқырлықты шебер ұштастыра білген айтыс өнерінің дара тұлғасы. Бала жасынан өнерге бейім болған Сара домбыра тарту өнерін ағасы Сахариден үйреніп, 13 жасында ел алдына шығып, ән айтып, жыр толғаған. 16 жасынан бастап ел арасында «Ақын Сара» деген атпен танымал болған. Ол Бекетбай жырау мен Тайкөт ақындардан тәлім алып, айтыс өнерінің қыр-сырын меңгерген. Ақын Тәсібек, Ермек, Құдайберген, Арсалаң, Төребай сынды ақындармен сөз сайысына түскен. Алайда оның шығармашылық биігін айқындайтын, халық әдебиетінде елеулі орын алған туындысы - Біржан сал Қожағұлұлымен айтысы. Музейдегі ең құнды жәдігерлер қатарында Сараның өзі ұстаған домбырасы, тігін машинасы, қайшысы, қолданған қара қазаны және қолөнер бұйымдары сақталған. Бұл заттар ақынның өнерге ғана емес, тұрмыстық шеберлікке де жақын болғанын айғақтайды. Сара Тастанбекқызы - тек ақын ғана емес, ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған, ұлттық руханияттың шоқтығы биік өкілі.

Ақын Сараның мемориалды музейі - Жетісу өңірінің рухани-мәдени өмірінде маңызды орын алатын, ақын мұрасын дәріптеуде, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде маңызды қызмет атқарып отырған бірегей мәдени мекеме.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Мекенжайы Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылы, Бауыржан Момышұлы көшесі 16
Scroll to Top