Алматы музейі
2001 жылы 12 маусымда Алматы қаласының тарихына арналған музей ашу туралы шешім қабылданып, 2002 жылы 2 қыркүйекте ресми түрде Алматы музейі құрылды.
Қазіргі таңда музей ХIХ ғасырдың сәулет ескерткіші, Поль Гурдэнің жобасымен 1892 жылы салынған бұрынғы балалар үйінің ғимаратында орналасқан. Бұл ғимаратта ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай, 2016 жылдың желтоқсан айында Алматы музейінің жаңа экспозициясы құрылды. Музей қорында бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын археологиялық жәдігерлер, нумизматика, жазбаша деректер жиынтығы және басқа да мұралар бар.
Музей экспозициясы ерте заманнан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихты көрсететін 11 залдан тұрады.
Экспозицияны үш мың жыл бұрын пайда болған шағын қоныстардан бастап, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қаланың әкімшілік билік, қолөнер, сауда, мәдениет және идеология орталығына айналған Алматының урбанизация үдерісін көрсететін «Ежелгі және ортағасырлық Алматы тарихы» залы ашады. Оны «Қазақ мемлекеттігінің бастауында», «Жетісу этнографиясы», «Алматы тарихының Верный кезеңі», «Алматы ХХ ғасырда», «Кәсіби музыканың дамуы», «Альпинизм», «Желтоқсан», «Тәуелсіздік», сонымен қатар уақытша көрме залы жалғастырады.
Музейдің жалпы ауданы - 1390 кв.м.
Қордағы экспонаттар саны- 39152
Музей залдары:
Зал №1-3. Ежелгі және ортағасырлық Алматы тарихы - Алматы аумағындағы алғашқы қоныстар б.з.д. ХІV-XII ғасырларда пайда болды. Ғасырлар бойы ұлыстық және саяси бірлестіктер ауысып жатты. Өңірдегі өмір сипаты бірде өшіп, енді бірде қайтадан жанданды.
Үш бөлмеден тұратын экспозиция - қаланың үш мың жыл бұрын пайда болған шағын қоныстардан, Ұлы жібек жолындағы әкімшілк билік, қолөнер, сауда, мәдениет және идеология орталығына, ортағасырлық дамыған қалаға айналу процесін көрсетеді.
ХІІ ғасырдың соңындағы күміс дирхемдер Алматы қаласының жасы 1000 жыл болғандығын нақтылы айғақтайды. Экспозицияда ақпраттық-иллюстрациялық материалдарды көрсететін мультимедиялық технологиялар кеңінен қолданылған.
Зал №4. Қазақ мемлекеттігінің бастауында - Экспозиция Қазақ хандығы қалыптасуы тұсындағы өңірдің тарихына, қазақтардың әскери өнеріне, қазақ этнографиясына арналған. Интерактивтік тақтада Қазақ хандығының картасы, қазақ билеушілерінің ата-тек шежіресі, ортағасырлық қолжазбалар мен шығармалар, диполоматиялық хат алмасу құжаттары көрсетіледі.
Қазақтардың ортағасырлық әскери өнері жайлы баяндайтын экспозиция қазақ жауынгерлерінің қазақ хандығы қалыптасуы кезеңіндегі жауынгерлік құрал-саймандармен таныстырады.
Зал №5. Жетісу этнографиясы - Қазақ халқының материалдық мәдениеті бөлімінде зергерлік өнердің бірегей үлгілері. Жетісу қазақтарының қолөнері мен шаруашылық салты туралы баяндайтын тұрмыстық заттар қойылған. Интерактивтік тақтада дәстүрлі қазақ үй-жайының үлгілік сипаттмалары, дәстүрлері, салттары, ұлттық ойындары көрсетеді.
Зал №6. Алматы тарихының Верный кезеңі - Экспозиция қаланың ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы дамуына арналған. Қызылағашшы-шеберлердің жиһаз өнеріндегі сирек үлгілері және ХІХ ғасырдағы күнделікті тамаша заттар сол дәуірдің қайталанбас ахуалын бейнелейді.
Экспозицияның орталық бөлігі Андрей Павлович Зенковқа бөлінген. Құжаттар, жеке заттары, бірегей техникалық жасалымдары көрнекті шебердің көпқырлы шығармашылығымен таныстырады - оның есімі өңірде жаңа ғылым - сейсмикалық берік құрылыс салудың түлеуімен байланысты.
Экспоизциядағы бейнематериалдар қаланың жоспарлау құрылымын, Верный ғимараттарының сәулетіндегі стильдік әртүрлілікті, 1887 және 1911 жылдардағы жойқын жер сілкінісінің салдарын бейнелейді.
Зал №7 Алматы XX ғасырда - Экспозиция Қазақ КСР астанасы - Алматы тарихының аса маңызды кезеңдеріне арналған. «Түрксіб», «Саяси қуғыр-сүргін», «Алматы Ұлы Отан соғысы жылдарында» инсталляциялық және проекциялық экрандары еліміз тарихының қатал да қайғылы парақтарынан сыр шертеді. Соғыстан кейінгі кезең экспонаттарына өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына бойлап, сол дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік беретін тамақ және жеңіл өнеркәсібі өнімдерінің, жеке жинақтар мен тұрмыс заттарының үлгілері ұсынылған.
Зал №8. Кәсіби өнердің дамуы - Бұл залда телерадио аппаратуралары, телевизия тарихының маңызы ашып, LED экран арқылы берілген. Қазақтың музыка өнерінің дамуы бірқатар дарынды композиторлардың А.Жұбанов, М.Төлебеев, Е.Брусиловский мен шебер орындаушылар К.Байсейітова, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Е.Серкебаев және кино өнерінің майталмандары Ш.Айманов, А.Әшімов есімдерімен тығыз байланысты.
Зал №9. Альпинизм - Экспозицияда альпинизмге қатысты фотоматериалдар мен құрал-жабдықтар қойылған. Қазақстан альпинизмінің тарихы 1920 жылдан басталады. 1930 жылдары Қазақстан альпинистері Іле Алатауының шыңдарын бағындырды, бірқатар ауданның географиялық картасын едәуір анықтай түсті: 1930 жылы Г.Белоглазов бастаған топ Кіші Алматы шыңын бағындырып, осы жыл Қазақстан альпинизмінің бастауы деп есептеледі.Абай шыңы, Талғар шыңы, Хан Тәңірі шыңы (1936 ж.Е.Колокольниковтің жетекшілігімен), Жамбыл шыңы (1937 ж.) т.б. бағындырылған.
Зал №10. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған - 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне арналған залда мұрағаттық фотоматериалдар, құжаттар қойылып, бейнекөрсетілім көрсетіледі. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін құрбан болған Қ. Рысқұлбеков пен Л. Асановалардың жеке кешендері келушілер назарына ұсынылған.
Зал № 11. Тәуелсіздік залы - «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» залы бойынша ақпараттық киоскілер арқылы ғылым мен білім беру саласы, мәдениет және спорт, бизнес, инновациялар, Алматы қаласында қабылданған тарихи шешімдер туралы ақпараттар алуға болады. 3d тур арқылы мәдени және спорттық нысандармен танысу мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар алғаш рет елімізде өткен «7 Қысқы Азиада ойындары» мен «28-ші Универсиада ойындарының» материалдары экспозицияға қойылған.
2002 жылы ашылған Алматы музейі Жетісу өңірінің тарихи-мәденимұраларының барлық саласын қамтыған ірі ғылыми және мәдени орталық. Музей экспозициясы ерте заманнан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихты көрсететін 11 залдан тұрады. Алматы музейінде QR-код арқылыақпаратты 5 тілде-қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде алуға болады. Бұл мүмкіндігі шектеулі келушілер үшін экспозицияны тереңірек түсінуге жағдай жасайды.
Музей халықаралық деңгейде де белсенді жұмыс атқарады: шетелдік музейлермен серіктестік орнатып, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Оңтүстік Корея, Италия, Австрия, Чехия, Мажарстан, Сербия сынды елдерде көшпелі көрмелер өткізді. Бұл шаралар арқылы қазақстандық мәдени мұраны әлемдік деңгейде насихаттауға үлес қосып келеді.