Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі көрме залымен

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі - аймақтың терең тарихын, табиғи ерекшеліктерін және мәдени мұрасын танытатын бірегей мәдени мекеме. Музей алғаш рет 1978 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік музейі негізінде құрылды. 1983 жылы музейге екі қабатты ғимарат беріліп, тұрақты қызметін сол жерде жалғастырды. 1997 жылы облыстың таратылуына байланысты музей «тарихи-археологиялық музей» болып қайта аталды. Ал 2024 жылдан «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі көрме залымен» болып өзгертілді. 

Музейдің жалпы аумағы - 1743 шаршы метрді құрайды. Музей қорында 53964 сақтау бірлігі тіркелген. Бұл - аймақтың археологиясы, этнографиясы, тарихы мен өнеріне қатысты бай жәдігерлер жиынтығы. 

Музейдің негізгі миссиясы - Ұлытау өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа насихаттау. Сонымен қатар, археологиялық, этнографиялық, табиғи және тарихи жәдігерлерді жинақтау арқылы халқымыздың өткенін таныту, ұлттық бірегейлікті нығайту және елдің рухани жаңғыруына үлес қосу болып табылады. Музей ғылыми-зерттеу, ағартушылық және мәдени-танымдық қызметтері арқылы қоғам мен тарих арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті тұрғындар мен қонақтарға тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді.

Музейдегі экспозициялар бірнеше тақырыптық бағытта топтастырылған.   

1. «Сарыарқа - көне құпия мекені» залы - өңірдің геологиялық тарихы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ тас дәуірінен бастап қола заманы, түркі кезеңі мен ортағасырлық дәуірлерге дейінгі археологиялық жәдігерлер ұсынылған. Сонымен қатар, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің үлгілері де осы залда көрсетіледі.

2. «Тарих - біздің асыл қазынамыз» залы - Қазақстанның XV-XIX ғасырлардағы тарихи оқиғалары, 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңі, Жезқазған қаласының қалыптасу және даму тарихы, қала Құрметті азаматтарының өмірі мен қызметі, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері баяндалған. 

3. Экспозициялық-көрме залында түрлі мәдени және ғылыми іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ұлытау облысының суретшілері мен қолөнершілерінің көрмелері, атаулы мерекелер мен мерейтойларға арналған экспозициялар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, музейлік кездесулер, дөңгелек үстелдер және Ғылыми кеңестің отырыстары ұйымдастырылады. 

Музей - тек жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар аймақтың тарихын зерттеуге бағытталған ғылыми әрі мәдени орталық ретінде қызмет етеді.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Мекенжайы Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Алашахан даңғылы 22
Scroll to Top