Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Ғани Мұратбаев мемориалдық музейі

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді. Ғимарат Республикалық санаттағы тарихи-мәдени ескерткіш. 1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 1981 жылғы 30 сәуірдегі және Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 1981 жылғы 19 маусымдағы № 107 бұйрығына сәйкес дербес музей болып құрылды. 2019 жылдан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс жасауда.

1981-84 және 1991-92 жылдары қосымша құрылыстар салынып, музей ғимараты кеңейтілді. 2023 жылы реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы музей ғимаратының тарихи ескерткіштер бөліміне реставрация жасалды. Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100, 120 жылдық, музейдің 30, 40, 50, 55 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталды. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьково зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды.

Музей жас жеткіншекті Ғани рухында тәрбиелеуге, оның жалынды өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында жұмыс жүргізуде. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен Ғани кубогы үшін кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, атаулы күндері іс-шаралар өткізіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттау, еңбек адамдарын дәріптеу, Батыр аналарды таныстыру, соғыс ардагерлерін құрметтеуді жас ұрпақ бойына сіңіруде жұмыстар атқарып келеді. Музей жанында үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі мен «Жас ғанитанушылар» үйірмесі жұмыс жасайды.

1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарына музей қоры 6624 жәдігерге жетті. 2015 жылдың ақпан айында өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер аудан орталығы - Әйтеке би кентінде ашылған аудандық өлкетану музейіне берілді. Бүгінгі таңда барлық экспонаттар саны - 4540 (мамыр), негізгі қор - 3065, көмекші қор - 1475.

Ғимараттың көлемі - 357,8 ш.м. Музейдің экспозициялық залдарының көлемі - 232,3 ш.м., қор сақтау бөлмесінің көлемі - 27,3 ш.м. 

Музейде қазіргі таңда сегіз экспозициялық, бір көрме залы бар. 

Музей экспозициясы Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, КИМ-нің Шығыс бөлімінің меңгерушісі, демократ-ағартушы, көрнекті қоғам қайраткері, «Жас Алаш» газетінің тұңғыш редакторы Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған. 

Кіре беріс залда: Ғанидың гипстен жасалған бейнесі (авторы Есім Егдебаев), «Арман дала» гоболені қойылған (авторы Шәміл Қожанов).

1-2 Зал. Ғани туған өлкенің тарихына арналады. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жанкент шаһары жайлы және ата-бабамыз пайдаланған ағаш табақ, ожаулар, темір құлыппен екі кілтті кісен қойылған. Қазалы уезіне байланысты материалдар және халық Батырлары, олар қолданған қару-жарақтар мен Қазалы қаласының өлкедегі темір жол құрылысының тарихына шолу жасалған. Сонымен қоса ХІХ ғасырда пайдаланылған ауыл билерінің мөрлері мен ауыл старшинасының лауазым белгісі, қоңырау, алғашқы отарба (паравоз) макеті орын алған. 

            3-5 Зал. Ғани Мұратбаевтың балалық шағы мен Жастар Одағының құрылуы, жастардың алғашқы съезінің құжаттарымен басталып, Ғани Верныйда оқытушылар даярлайтын курста лектор, РКСМ Орталық Комитетінің Орта Азиялық бюросының мүшесі, Түркістан Республикасы Жастар Одағы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы болып қызмет істеген құжаттары, киген киімі, өз қолымен толтырған анкеталары мен Хорезм АССР-і марапаттаған ордені қойылған. А. В. Затаеевичтің «Қазақтың 1000 әні» кітабына енген Ғанидың айтуымен жазылған «Дудар-ай», «Қатын жырау» әндерінің нотасы, «Жас Алаш» газетінің тұңғыш номері, Ғани марапатталған орден орналастырылып, диорама арқылы Ғанидың Ілияс Жансүгіров, Сара Есовалармен бірге газеттің кезекті санын талқылау сәті көрсетілген. Ғанидың партиялық билеті, Қазалыда алғаш ұйымдастырылып, Ғанидың көзі тірісінде оның атымен аталатын пионер ұйымы мүшелерінің фотосуреті және 1984 жылы Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов сыйлаған «Әкелер жастығы» деп аталатын ағаштан ойып жасалған кәдесый (сувинер), Түркістан Республикасы Жастар Одағы Орталық Комитетінің Туы, Ғани Мұратбаевтың КИМ-дағы қызметі, Ғани өмірінің соңғы кезеңі осы залдан орын алған. Сонымен қатар, Ғанидың жұмыс кабинеті жабдықталып, Ғаниды ақтық сапарға шығарып салу және Ғанидың замандастарына арналған. Қазақстан қалаларында тұрғызылған ескерткіштерінің фотосуреттері, Ғани Мұратбаев туралы жазылған кітаптар, Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы Ғани қабірі басынан әкелінген топырақта осы залдан орын алған. 

           6 Зал. Қазалы жастар ұйымының тарихы, Ғанидың ізбасарлары- аудандық комсомол комитетінің хатшылары және тәуелсіздік жылдары басқарған комсомол жетекшілері, БЛКЖО, Қазақстан комсомол сыйлығының лауреаттары, комсомол- жастар бригадалары, Ғани сыйлығының тұңғыш иегерлерінің фотосуреттері мен құжаттары, марапаттары қойылған.

          7 Зал. Этнография залында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көне бұйымдар қойылған. Зал төрінен орын алған қараша үй - халқымыздың дәстүрлі баспанасының көрінісі. Мұнда тұрмыста қолданылған заттармен таныса аласыздар: Келі мен келсап, диірмен - дән түюге арналған; Күбі - май шайқайтын ыдыс;

Асадал - ыдыс қоятын жиһаз; Ағаш ыдыстар, иін ағаш, самауырын - күнделікті тұрмысқа қажетті заттар; Аспалы шам, шоқ үтік, қырық ине - өткен ғасыр тұрмысынан сыр шертетін бұйымдар.

          8 Зал. Ғанидың бөлмесі. Ғани Мұратбаевтың өмір сүрген кезеңін, қызметін, рухани дүниесін бейнелейтін тарихи-танымдық кеңістік. Жас тұлғаның қарапайым да жинақы тұрмысынан сыр шертетін бөлмеде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өмір сүру қалпы көрініс табады. 

          Көрме зал. Жылдың атаулы күндеріне орай музей қорындағы экспонаттардан көрмелер ұйымдастырылады.  

Жыл ішінде жоспарға сәйкес атаулы күндерге «Ашық есік» күндері ұйымдастырылады. 

Музей әлеуеті жоғары. Елге қадам басқан әрбір қонақ музей экспозициясымен танысып, Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметіне байланысты деректерге қанығады. 

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт museum-kyzylorda.kz
Мекенжайы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, Қорқыт Ата көшесі 24
Scroll to Top